Кәсіпкерге арналған "Сәттілік марафоны" өтті

937

Марафонға елордалық және батыс өңірлердің кәсіпкерлері қатысты.

Кәсіпкерге арналған "Сәттілік марафоны" өтті

Бизнестің алуан түрлі бағыты өкілдерінің басын қосқан "Сәттілік марафоны" жобасына Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлері қатысты. Еуропалық қайта құру және даму банкі "Шелл Қазақстан" компаниясымен бірлесе отырып ұйымдастырған марафон биыл онлайн форматта өтті. 

Форумның хэдлайнері, "Меломан" және "MARWIN" компаниялар тобының негізін қалаушысы әрі ортақ иесі Александр Дериглазов өзінің сәттілікке жету тарихымен бөлісті. Бизнесмен облыс орталығында ашқан кішкентай ғана дүкені қалайша ірі компанияға қалай айналғанын, өзгерістер кезінде әрекет ету алгоритмін айтып, кәсіпкерліктің құпия сырларымен бөлісті.

Марафон барысында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев жергілікті әкімдік кәсіпкерлерге әрдайым көмектесуге дайын екенін айтып өтті.

"Биылғы жыл тосын сыйға толы болды. Дегенмен дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазір бизнесте жаңа секторлар пайда болып жатқанын әрі адам капиталының дамығанын көріп отырмыз. "Сәттілік марафоны" аймақтағы орта, шағын және микробизнесті дамыту үшін өткізіліп отыр", – деді әкімінің бірінші орынбасары.

"Шелл Қазақстан" компаниясының үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Зарина Бәкенова кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Shell LiveWIRE бағдарламасы жайлы айтты.

"Сәт сайын өзгеріске ұшырайтын қазіргі заманда әрдайым өзімізді жетілдіріп, бизнес жүргізудің жетекші тәжірибелерін меңгеріп, тенденцияларды бақылап отыруымыз шарт. Бұл бағытта Shell LiveWIRE бағдарламасы ісін жаңадан бастаған және бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлер үшін сөзсіз көмекші әрі керемет бастапқы алаң бола алады", – деп атап айтты ол. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Сәттілік марафоны" жобасы аясында "Жаңа бизнес-идеялардың генерациясы мен сату нарығын іздеу", "Жаңа бизнестің қаржылық моделі", "Жобаны және команданы басқару мен бизнесті дамытудың стратегиясы", "Жаңа бизнесті таныстыру", "Цифрландыру" сынды маңызды бес модуль бойынша оқыту бағдарламасы жүзеге аспақ.

Еске сала кетсек, 2018 жылы "Сәттілік марафоны" оқыту бағдарламасының қорытындысы бойынша Орал қаласында дайын 20 бизнес-жоба ұсынылған. Ал 2019 жылы Ақтау қаласында білім алған кәсіпкерлер жүзеге асқан 25 жобамен таныстырды.

Бағдарламаның 2019 жылғы қатысушысы, Ақтаудан келген Жанат Назарынбекова өзінің тәжірибесі мен табысы туралы ойымен бөлісті. Ұстаздардан оқып, олармен жұмыс жүргізгеннен кейін оның "Қозы Тандыр" жобасының пайдасы 2019 жылдың желтоқсан айының соңына қарай 3 есе өскен.

"2018 жылы айлық табысым шамамен 250 мың теңге еді. 2019 жылы ай сайынғы табысым 350-380 мың теңгеге дейін өсті. "Сәттілік марафонына" қатысып, алған материалдар мен білімді барынша пайдаланғаннан кейін, жыл соңына қарай айлық табысым 750-780 мыңға дейін жетті. 2020 жыл барлығымызға оңай тиіп тұрған жоқ. Себебі біз коллаборацияның көбін жұмысы уақытша тоқтап тұрған мейрамханалар мен банкет залдарынан алып тұрған едік. Дегенмен тамақ жеткізу деңгейі өсті. Наурыз, сәуір және мамыр айларында 1 миллион теңге табыс таптық", – дейді Жанат Назарынбекова. 

"Сәттілік марафоны" жобасы Қазақстанның батыс аймақтарында ісін жаңадан бастаған және бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлердің инновациялық дамуы мен бизнес идеяларын қолдауға арналды. Ал жобаның түпкі мақсаты – кәсіпкерлердің басқарушылық білімі мен дағдысын дамыту, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға күш салу, сондай-ақ бизнесті жүргізуде бәсекеге қабілеттілік пен тиімділікті арттыру.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу