Кәсіпкерлер салығы жергілікті жердегі қазынаға түспейді

540

Қазір елімізде жаңадан құрылған облыстар мен аудандарды дамыту бағдарламалары бекітілді. 

Кәсіпкерлер салығы жергілікті жердегі қазынаға түспейді Фото: Google

Жергілікті жердегі бюджеті де қаралып, жыл соңына дейін атқаратын жұмыс жоспарлары анықталды. Оны жүзеге асыру - тікелей сол аудан немесе облыстың қаражатына байланысты. Алайда, салықтық түсімдерден толатын қазынаға барлық кәсіп иелерінің аударатын ақшасы түсе бермейді. Өйткені олар жеке кәсіпкер ретінде басқа өңірлерге тіркелген. Бұл өздері жұмыс істеп жатқан аумақтың инфрақұрылымын дамытуға кедергі. 

Шығыс Қазақстан облысындағы Самар ауданы былтыр құрылды. Ауданда негізінен ауылшаруашылық саласы дамыған. Бұқтырма су қоймасына жақын орналасқандықтан туризм де қатар дамып келеді. 

Мәселен, Сары бел ауылдық округіндегі 1177 жер телімінің 1155-і демалыс базасы ретінде жұмыс істеуге рұқсат алған. Бірақ тоғыз жеке кәсіпкер ғана ауданда тіркелген. Қалғандарының құжаты өзге өңірлерде рәсімделіп, заңды мекенжайы сол жақта болғандықтан төлеген салықтары да сонда аударылады.

"Негізінде сол қалған базалардың бәрі жеке кәсіпкерлер біздің ауданымызға келіп тіркелсе, жұмыстарымыз жүргізілсе, біз ары қарай туризмнің инфрақұрылымын жақсартып, дамытар едік", дейді Самар ауданы әкімінің орынбасары Рахат Әбуғали. 

Былтыр жазда мұнда 50 мыңға дейін турист келіп демалған. Келушілердің саны күн өткен сайын көбейіп келеді. Аудан билігі жағажайдағы жағдайды жақсарту жоспарын жасаған. Осында табыс тауып отырған кәсіпкерлер түсіністекпен қарап, салығы аудан қазынасына түссе, қолға алған жоба тезірек жүзеге асар еді  дейді, аудан әкімінің орынбасары. Ал мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері бұл жағдайда ешқандай құқық бұзушылық жоқ екенін айтты.

"Жалпы Қазақстан Республикасы бойынша барлық кәсіпкерлерге барлық Қазақстан аумағында жұмыс істеу рұқсат етілген. Сондықтан заңға қайшы бұзушылықтар жоқ", дейді Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Заманбекова. 

Десе де өз өңірі үшін жаны ауыратын кәсіпкерлер жоқ емес. Аудан әлеуеті артып, экономикалық жағдайы жақсарғанын қалайтындар мемлекетке төлейтін бір тиынына дейін аудан қазынасына аударып отыр. 

"Біздің табиғатты пайдаланады. Біздің жолдарды пайдаланады. Сол жол арқылы өздеріне клиент келеді. Жер-суды пайдаланады да өкінішке орай салығын қалалық жерге төлейді. Біздің ауданымыздың көркеюіне үлес қосу керек қой пайдаланғаннан кейін", дейді Кәсіпкер Салтанат Сәбетова.

Кәсіп иесі қай жерде қызмет етсе де оған заң бойынша шектеу жоқ. Тек сол өңірден пайда тапқан соң, жергілікті жердегі бюджетке салмақ салмай өз үлестерін қосса  дейді, жергілікті билік өкілдері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу