Кәсіпорындар қауіпсіздікке емес, пайда табуға басымдық берген – министр

395

Жылына қауіпті өндірістік нысандарда 20-ға жуық ірі апат тіркеледі.  

Кәсіпорындар қауіпсіздікке емес, пайда табуға басымдық берген – министр Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов Сенатта өткен Парламенттік тыңдауда айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

"Жыл сайын қауіпті өндірістік нысандарда 20-ға жуық ірі апат орын алады, негізінен жүк көтергіш механизмдерді пайдаланатын объектілерде, тау-кен және газ-мұнай өнеркәсіптерінде болады. Өндірістердің технологиялық жабдықтары күн өткен сайын тозып келеді. Кәсіпорындар көбінесе қауіпсіздік мәселелерін елемей, басымдықты қауіпсіздікке емес, пайда табуына қойған", - деді министр.

Сырым Шәріпханов осы мәселеге байланысты бірқатар мысал келтіріп өтті.

"Биыл 9 маусымда "Шығыс Қаратұрын" кен орнында ашық фонтан атқылады, 17 тамызда "Арселор Миттал Теміртау" "Қазақстан" шахтасында ірі өрт болды. 28 қазанда "Костенко атындағы" шахтада жарылыс болды. Тәжірибе көрсеткендей, көбінесе өндірістік бақылау қызметі "формальды" түрде жұмыс істейді, олар анықтаған бұзушылықтарды жоймайды немесе жасырады. Басты себептің бірі – олар дербес өндірістік бақылау қызметі емес, басқа қосалқы қызметтердің құрамына енгізілген, бірінші басшымен тікелей байланыс жоқ", - деп жалғастырды ол. 

ТЖМ өндірістік апаттардың алдын алу мақсатында ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынатын жеке-дербес өндірістік бақылау қызметін құру бойынша ұйымдарға нақты міндет бекітуді, министрлікке қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту мен техникалық қайта жарақтандыру жоспарын келісуді, сондай-ақ ұйымдардың оны уақтылы орындау міндетін бекіту бойынша өкілеттіктер беруді ұсынып отыр.

"ТМД елдерінің тәжірибесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын білу деңгейін және ұйым басшыларының жауапкершілігін арттыру үшін заң жобасында тек техникалық басшылармен шектелмей, ұйымның барлық басшыларының емтихан тапсыруына қатысты нормалар көзделген. Соңғы болған ірі апаттар кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің төмен деңгейдегі жай-күйін, жабдықтау тапшылығы, жеке құраммен қамтылмауы, қауіпті өндірістік нысан иелерінің қауіпсіздік талаптарын бұзушылықтарды жоюға берген ұсынымдарды елемеуі, сондай-ақ құтқарушылардың еңбекақысының төмен болуы және әлеуметтік қамтамасыз етілуі бойынша жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетті. Қазіргі уақытта қауіпті өндірістік объектілердегі апаттардың алдын алу мен олардың зардаптарын жоюдың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін және апаттарды жоятын күштер мен құралдардың әзірлігін қамтамасыз етпегені үшін кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің жауапкершілігін қатаңдату мәселесі пысықталып жатыр", - деді ТЖМ басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу