Сенат отырысында Дүйсенғазы Мусин депутаттық сауалында саланың түйткілді мәселелерін айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Депутат 2030 жылға дейін есептелген салалық бағдарламаға сәйкес балықты ішкі тұтыну деңгейін 134 мың тоннаға ұлғайту, ал импорт көлемін 25 мың тоннаға дейін азайту жұмыстары жоспарланып отырғанын атап өтті.
"Табиғи су айдындарымен қоса, акваөсірудің қарқынды дамуына қарамастан, бағдарламада көзделген нысаналы көрсеткіштерді орындауда көптеген кемшілік бар. Су биологиялық ресурстарын сақтауда, Каспий итбалығының популяциясын қалпына келтіруде нақты нәтиже байқалмай отыр. Сонымен қатар, браконьерлікпен күрес, балық ресурстарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау төмен деңгейде", – деді сенатор.
Осы орайда ол мемлекеттегі балық өсіру шаруашылықтарын қайта құру және сала қызметкерлерінің жалақысын өсіру туралы мәселені қарау қажет екенін, оған қоса аумақтық балық қорғау органдарын заманауи жабдықтармен жарақтандыруға ерекше назар аудару керек екенін де атап өтті.
"Сонымен қатар, "Акваөсіру туралы" заң жобасын қабылдауды жеделдету, сондай-ақ Су, Жер кодекстеріне және басқа да заңдарға балық шаруашылығының заңнамалық базасын жетілдіру мақсатында түзетулер енгізу балық шаруашылығын дамытуға жаңа серпін береді сала", – деп түйіндеді сөзін сенатор.