Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясы Қытайға ресми сапармен келді. Сапар Қытайдың халықаралық мәселелер институтынан басталып, ҚХР ғылыми қоғамдастығының өкілдерімен кездесу болды. Қасым-Жомарт Тоқаев "Құбылмалы әлем: Қазақстанның көзқарасы" тақырыбы бойынша лекция оқыды. Төраға әлем дамуындағы негізгі ағымдарға егжей-тегжейлі тоқталды және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай екіжақты өзара іс-қимылдың келешегіне арналған баяндама жасады.
Сенат төрағасының жетекші қытай ғалымдары мен саясаттанушылары алдында қазақ және қытай тілдерінде сөйлеген сөзі зор ықылас туғызды және қазіргі замандағы халықаралық ахуалға терең талдау ретінде қабылданды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
"Қазіргі кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың және төраға Си Цзиньпин қамқорлықтары аясында Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қатынастарының ауқымынан да кең көлемді қамтитын жаңа ірі жобалар іске асуда. Ол трансқұрлықтық байланыстардың елеулі факторына айналды. 2013 жылы Астанаға сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Еуразия кеңістігіндегі сауда-экономикалық қатынастар үшін жария еткен Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасының зор маңызы бар. Қазақстан өз аумағында бұл ірі жобаны толықтай іске асыруға, оның ішінде ұлттық даму стратегиясымен және Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық бағдарламаларымен үйлестіруге ниеттеніп отыр", – деді Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасы мемлекеттік "Нұрлы жол" инфрақұрылым даму бағдарламасын іске асыру, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомобиль дәлізінің құрылысы, Еуразия жоғары жылдамдықтағы мультимодалды арна жобасы және басқа да инфрақұрылымдық бағдарламалар туралы хабардар етті.
Сенат төрағасы өз сөзінде әлемдегі саяси және экономикалық жүйенің өзгерістеріндегі Қытайдың рөлі арта түскенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық құрылымдар ықпалының ұлғая түсуіне егжей-тегжейлі тоқталды. Олардың арасында Қазақстан мен ҚХР өзара тығыз байланыс орнатқан ШЫҰ және АӨСШК бар.