Қатты тұрмыстық қалдықтармен қаланы жылыту ұсынылды

1009

National Laboratory Astana ғылыми-зерттеу тобы қатты тұрмыстық қалдықтарды жоюмен қатар бір мезетте синтетикалық газ алу жобасымен жұмыс жасауда.

Қатты тұрмыстық қалдықтармен қаланы жылыту ұсынылды

"Назарбаев университеті" жанындағы National Laboratory Astana ғылыми-зерттеу тобы қатты тұрмыстық қалдықтарды жоюмен қатар бір мезетте синтетикалық газ алу жобасымен жұмыс жасауда. Ол алдағы уақытта электр мен жылу энергиясын өндіруге бағытталған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Ғылыми қызметкерлер, оқытушылар мен университеттің студенттері маусым кезінде бір рет полигонға келіп, бес күн ішінде қоқыстарды сұрыптаумен айналысады. Олар өздері үшін қағаз, текстиль, ұсақ пластиктердің үлгісін жинап алып кетеді. Бұл материалдар тәжірибе өткізу үшін керек, мақсаты – өртеген кезде құрғақ жанатын қалдықты алу. 

"Біз бұл жерден әрбір көліктен шамамен 250-300 кг жинақ алып кетеміз де, түгелдей сұрыптаймыз. Бірінші, шамамен 30% екінші шикізатқа кетеді. Оның қалған 70%  - қағаз, пластик, текстильді өз базамызда бір қалыпқа келтіріп, миллиметрге дейін үгітеміз де термикалық анализ жүргіземіз. Оның неден тұратыны, элементтік құрамын, калориясын, қанша шайыр бөлетінін анықтаймыз", - дейді жоба жетекшісі PhD Ербол Сарбасов.

Ғалымдар мынадай тұжырымға келіп отыр: өртенгеннен қалған құрғақ қалдықты екі тәсілмен жоюға болады: газификация – метан алу және қайнап жатқан қабатта көмірмен бірге өртеу. Екінші тәсіл қысқы маусымда коммерциялық ғимараттарды жылыту үшін өте пайдалы. 

"Оның идеясы мынада, қатты тұрмыстық қалдықтарды біртіндеп жою үшін коммуналдық қажеттілікке пайдалану нұсқасы, яғни жылу энергиясын өндіру үшін энергетиканы барлық станцияда көмірмен бірге өртеу", - деді Ербол Сарбасов. 

Ғылыми-зерттеу жобасының жұмыстары бір жылға созылмақ. Оған Германия мен Канададан келген консультанттар қатыспақ. Жобаны Астана әкімдігі мен ӨКМ операторлары қолдады. Осы уақыт аралығында ғалымдар қоқыстың құрамын зерттеп астаналық азаматтардың қысқы кезде көбіне шыныдан жасалған бұйымдарды көбірек қоқысқа тастайтынын, органикалық қоқыстар небары 10%,  ал жазда органиканы көбірек тастайды деген қорытындыға келді. 

"Бізде Астана қаласының қоқыс морфологиясы туралы қолымызда мәлімет жеткілікті. Оның үстіне, басқа да объектілердің морфологиясын зерттедік, яғни халықаралық әуежай, Мега SilkWay сауда-ойын сауық орталығы. Олар тұрғын үйлермен салыстырғанда әртүрлі, морфологиясы да басқаша. Оны білу маңызды. Демек қала түрлі коммерциялық және тұрғын үй объектілерінен құралған.

Келесі кезең – осы тәжірибені өткізуге тырысу, көмірмен бірге өртеу және газификациямен байланысты. Бірақ бұл заттарды алдымен зертханамызда рет-ретімен тәжірибеден өткіземіз. Себебі бұл ғылыми жоба коммерциялық емес", - деді жоба жетекшісі Ербол Сарбасов. 

Ол сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды жою есебінен құрғақ газ бен немесе қатты отын алудың ауқымды жұмыстарын айтуға әлі ерте екенін айтты. Мұнда қала халқының саны роль ойнайды. Есепшот 5 миллион тұрғынға жеткен кезде соған сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтар да көбейіп, ҚТҚ қалдығын өртеп құрғақ қалдықты алудың пайызы өсе түспек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу