Қауіпсіздік Кеңесінің экономика бойынша отырысы өтті

630

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жұмысының негізгі басымдықтарының бірі.  

Қауіпсіздік Кеңесінің экономика бойынша отырысы өтті

Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратында Қаржы министрі Е.Қ.Жамаубаевтың және Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Ж.Қ.Элимановтың қатысуымен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысының коронавирус инфекциясымен күресуге бөлінген бюджет қаражатының мақсатты және ұтымды пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың заңсыз айналымының жолын кесу, сондай-ақ, қаржы пирамидаларына қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға ерекше назар аударылды.

Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша заңсыз айналымнан 9,6 млн. астам медициналық бетперделер, 65 мың литр антисептиктер, 819 млн. теңге сомасына түрлі дәрілік препараттардың 388,2 мыңнан астам орамасы алынып, аумақтық денсаулық сақтау органдарына берілді.

Бұдан басқа, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің кешенді тәсілін ұйымдастыру және көлеңкелі айналымды қысқарту жөніндегі тапсырмасын орындау мәселесі қаралды.

Осылайша, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шеңберінде жалған шот-фактураларды жазып беру фактілері бойынша анықталған қылмыстардың саны 2,5 есеге артты (2019 жылдың 6 айында 94-тен ағымдағы жылдың ұқсас кезеңінде 242-ге дейін).

Аталған саладағы қылмыстың ұйымдасқан түрлерімен күрес бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Мысалы Атырау облысында сотқа ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс жіберілді, олар 1,8 млрд. теңгеге жалған шот-фактуралар шығарған.

Қабылданған шаралардың, оның ішінде заңнамалық сипаттағы іс-әрекеттердің нәтижесінде қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру сомасы бес жылда алғаш рет 36%-ға төмендеді.

Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты мемлекетке келтірілген экономикалық залалды өтеу болып табылады. Бірінші жартыжылдықта Қаржы мониторингі комитеті 743 қылмыстық істі тергеді, оның 560-ы мәні бойынша сотқа қарауға жолданды.

Осы қылмыстық істер бойынша анықталған залал сомасы 38,4 млрд. теңгені құрады, оның шамамен 32 млрд. теңгесі мемлекетке келтірілген залал. Мемлекет кірісіне 21,1 млрд. теңге өтелді, 9,6 млрд. теңгелік мүлікке тыйым салынды.

Тағы бір басты бағыт ретінде қаржы пирамидаларымен (29 қылмыстық іс тіркелген), заңсыз ойын мекемелерімен (117 қылмыстық іс, 160 орын жойылған), сондай-ақ, жалған ақша жасаумен (161 іс) күрес мәселесі болып табылады.

Сонымен қатар өз қатарларында сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесу бойынша жұмыс өзекті болуда, оны тұрақты форматта жүргізу қажет.

Кеңес қорытындысы бойынша Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ә.Ө.Исекешев елдегі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық ахуал жағдайында ел басшылығының жоғарыда аталған тапсырмаларын іске асыруды ерекше бақылауға алу қажеттігін, бұл ретте адал кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу