Қазақ елінің алтын қоры 323 тоннаға жетті

1598

Қазақстан құймалар түріндегі алтын қоры бойынша әлемде 16-орынға шықты.

Қазақ елінің алтын қоры 323 тоннаға жетті

Бұл туралы депутаттық сауалға қайтарған жауабында ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев айтты, деп хабарлайды abctv.kz.

Оның мәліметінше, Қазақстан өз қорын долларда сақтаудан бірте-бірте бас тартуда екен.

Ұлттық банк депутаттардың еліміздің алтын-валюта резервтерін әртараптандыру туралы ұсынысын толығымен құптады. Халық қалаулылары халықаралық сауда санкциялары мен келіспеушіліктердің артуы, бірқатар ұлттық валюталардың тұрақсыздығы және басқа да халықаралық тәуекелдер аясында алтын-валюта резервтері құрылымындағы алтын қорын ұлғайту туралы ұсыныспен шыққан болатын.

"Ұлттық қордың жəне Ұлттық банк резервтерінің жинақтары және негізгі бөлігі шетел валютасы мен шетелдік бағалы қағаздардан тұрады. Мəселен, Ұлттық банктің резервтерінде шетел валютасы жəне бағалы қағаздар 57%-ды немесе 17,8 млрд АҚШ долларын құрайды. Ұлттық қордың активтерінде бұл көрсеткіш одан да жоғары. 2016 жылғы деректерге сүйенсек, Ұлттық қордың қаражаты шамамен 40%-ға АҚШ-тың валютасы мен құнды қағаздарынан, ал 22%-ға – Еуроаймақтың, 10%-ға – Жапонияның қаражатынан тұрады екен", – деген дерек келтірді депутат Азат Перуашев.

Алайда, қаржылық реттеушінің мәлімдеуінше, қазір жағдай басқаша көрінеді.

Ресми жауапта Данияр Ақышев "әртараптандыру мақсатында Ұлттық банк алтын-валюта резервтері құрамындағы АҚШ долларының үлесін бірте-бірте қысқартқаны" жөнінде хабарлап отыр. Оның айтуынша, егер 2006 жылы Қазақстанның барлық алтын-валюталық қорының 67%-ы долларда сақталса, ал 2018 жылдың маусым айының соңына қарай бұл үлес 46%-ға дейін құдыраған. Оның орнына алтын еншісі артқан.

"Қазіргі уақытта Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінің құрылымындағы алтын көлемі 42,3%-ға жетті. Бұл тарихи тұрғыдан ең жоғары шама болып табылады! Салыстыру үшін айтсақ, алтынның ең аз көлемі 2006 жылы байқалды: сол жылы алтын үлесі небары 7,2% болды. Қазір құн бойынша бұл көлем 12,9 млрд АҚШ долларына бара-бар, ал нақты салмақта 323 тоннаны құрайды. Дүниежүзілік алтын жөніндегі кеңестің деректері бойынша Қазақстан алтын резервтері бойынша әлемде 16-шы орында тұр", – деп мәлім етті Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу