Қазақ хандығының 550 жылдығында ашылған "Көне Тараз" тарихи-мәдени орталығы 9 жылдан бері қаңырап бос тұр

944

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ашқан ғимарат 1 күн де жұмыс істемеген. 

Қазақ хандығының 550 жылдығында ашылған "Көне Тараз" тарихи-мәдени орталығы 9 жылдан бері қаңырап бос тұр Фото: аdyrna.kz

Тараз қаласындағы "Көне Тараз" тарихи-мәдени орталығы 9 жылдан бері қаңырап бос тұр. Қазақ хандығының 550 жылдығында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі лентасын қиған нысан 1 күн де жұмыс істемеген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Оралхан Дәуіттің айтуынша, "Көне Тараз" орталығының мәселесі бұған дейін де биік мінберлерден айтылған. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. "Баяғы жартас, сол жартас".

"Көне Тараз" тарихи-мәдени орталығының құрылысы 2015 жылы аяқталып, "Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасының" теңгеріміне қабылданған. Содан бүгінгі күнге дейін қоғам игілігі үшін тиімді пайдаланылмай тұр. Бұл туралы тексеру комиссиясының арнайы хаты да бар.

"Орталықтың музейіне кірдім, ішін көрдім" деген адам жоқ. Ашылған күннен бастап бір күн де жұмыс істеген емес. 

Кезінде Қазақ хандығының 550 жылдығы тойында осы нысандарды іске қосқан облыстың сол кездегі әкімі де, еліміздің сол кездегі Мәдениет министрі де бүгінде басқа жағдай бойынша істі болып, темір тордың ар жағында отыр. Бірақ бар кінәні сол екеуіне жауып қойып отыра бергеннен бұл орталық көктемейді. 

Бір әрекет жасамаса бүгінгі күні бұл нысан пайдаланылмағандықтан мерзімінен бұрын тозып барады",- деп алаңдаушылық білдірді Оралхан Әбдірашұлы.

Халық қалаусысы сессияда шаһардың орталығынан ойып тұрып орын алған, алайда кәдеге жарамай тұрған нысанның мәселесін көтергеннен кейін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев орталыққа арнайы барды. Орталықтың жай-күйін көзбен көрген Ербол Шырақпайұлының айтуынша, ең алдымен бұл ғимаратты не істейміз, қалай пайдаланамыз деген мәселені шешіп алу керек. Содан кейін ғана қаржы бөлінеді. 

Сонымен қатар облыс әкімі "Көне Тараз" ғимаратына байланысты басқарма басшыларына 2 апта уақыт берді. Осы уақыт аралығында ғимараттың болашағына байланысты үздік жоба дайындалса, тек содан кейін ғана қаржы бөлінеді. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу