Қазақстан Республикасының Қазақ күресі федерациясы Қазақ күресі академиясын ашуды жоспарлап отыр. Бұл жоспар туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске сала кетсек, бұған дейін Дәурен Абаев пилоттық жоба ретінде елордадағы бес мектепке Қазақ күресі пәні енгізілетінін мәлім еткен еді.
"Қазіргі таңда Қазақ күресінің 100 сағаттық оқу бағдарламасы дайындалды. Ол оқу бағдарламасында күрестің әліппесінен бастап өзіндік спорт түрі ретінде барлық қыры, оқыту жолдары қамтылған. Алдағы оқу жылы пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтан қаласында бес мектепте дене шынықтыру пәндеріне Қазақ күресі енгізіледі. Әлемнің көптеген елінде ұлттық спорт міндетті түрде мектепте оқытылады. Сол себепті жұмысты реттеп алу үшін бастабында бес мектепке факультативті пилоттық жоба ретінде енгіздік", – деген еді Дәурен Абаев.
Федерация осы мақсаттың ізінше тиісті мамандарды дайындау үшін арнайы оқу орнын ашуды көздеп отыр.
"Қазақ күресін барлық мектепің бағдарламасына қосу үшін мамандардың жетіспеушілігі туындауы мүмкін. Сондықтан біз мамандар дайындайтын Қазақ күресі академиясын ашуды жоспарлап отырмыз. Академия мамандарды ғана оқытып қана қоймай, төрешілердің біліктілігін арттыру, ұлттық күрестің ғылыми-практикалық тұрғыда зерттелуін қамтамасыз етеді. Яғни барлық әлемдік спорт ретінде біз де Қазақ күресін ғылыми тұрғыдан зерттеуіміз керек", – деді Дәурен Абаев.