Қазақ-Өзбек шекарасындағы кептеліс мәселесі шешілмесе, кәсіпкерлер қыруар шығынға батуы мүмкін. Қазір тез бұзылатын маусымдық өнімдер саудасы басталды. Бірақ жүргізушілер шыжыған күн астында 4-5 күндеп тұруға мәжбүр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қос тарап өзекті проблеманы қалай әрі қашан шешпек?
Қазақстан мен Өзбекстан арасында сауда айналымы еселеп артуда. Бірақ сол алыс-берісті өткізуге кедендік бекеттердің шамасы жетпей жатыр. Өйткені өткізу пунктерінің басым бөлігі 15 жылдан бері жөндеу көрмеген.
Қазір бидай мен битумға дейін шекарадан жүк көлігімен өтіп жатыр. Кеденшілер кептелісті азайту үшін темір жолдың әлеуетін толық пайдалану керек,- дейді. Алайда бизнес үшін ҚТЖ бюракратияға толы аймақ.
"Үкіметтің тапсырмасымен шекарадағы кептелістер мәселесін шешуге делегация келді. Өзбекстан тарапымен келіссөздер өткіздік. Екі ел арасындағы көлік транзиті 1,5 есе өскен. Мейрам күндері 37 мыңнан астам адам шекеарадан өтті. Бұл рекорд. Енді кептелісті болдырмас үшін өткізу пункттеріндегі қызметкерлер санын арттырдық. Басқа органдармен бірігу арқылы кедендік тексерістерді азайттық", - дейді ҚР ҚМ МКК Бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев.
Кептеліс мәселесін шешу үшін Қазақстан тарапы осы бекет арқылы бос жүк көліктерін өткізбеуді ұсынып отыр. Сонда бір пунктке түсетін ауыртпалық азаяды. Ол үшін Өзбектер тасымалдаушыларды басқа бекеттерге жіберу керек
"Қазақ-Өзбек шекарасында 1000-наа астам жүк көлігі кептелісте тұр. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы тауарларының саудасына кері әсер етеді. Тез бұзылатын өнімдер шіріп, бағасын түсіріп жібереді. Ал тасымалды қымбаттады. Сондықтан жүк көліктерін шекарадан 24 сағат үздіксіз өткізуді ұсынамыз. Проблеманы жүйелі шешу үшін, қос тарапта да барлығы автоматтандырылған болу тиіс" - деді Өзбекстан Республикасы Кедендік бақылау және ресімдеуді ұйымдастыру басқармасы басшысы Рустам Кабулов
Мәселені 3 бекетте 1 уақытта жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары ушықтырып отыр. Реканструкция өтіп жатқан пунктерден тек жүк көліктері өте алады. Салдарынан туристік маусым басталғалы жеңіл көліктер де 10 сағаттап кептелісте тұратын болған. Өткізу пунктінің ішінде де кезек көп. Өйткені Қазақстанның кедендік бекеттері толығымен цифрланбаған.
Кептелісте тұрмас үшін кеденшілер шекарадан жаяу өтуге шақырды. Ал жүк көліктерінің кезегін кеден аймағын жекеменшіккке сатпай, өткізу бекеттерін кеңейту арқылы азайту ұсынылды.