Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университеті микроспутник арқылы ғылыми зерттеу жүргізу бойынша келісімге келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің ректоры Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
ЖОО басшысының айтуынша, аталған келісімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бірлескен мәлімдеме жасау барысында қол жеткен.
"Ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, білікті мамандарды даярлауға және ортақ спутниктерді әзірлеуге жол ашады. Сонымен қатар, микроспутник арқылы жерді қашықтықтан зерттеу жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндік береді", – деді Жансейіт Түймебаев елордада ШЫҰ мүше елдер өкілдерінің қатысуымен өткен "Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық" атты халықаралық симпозиумда.
ҚазҰУ баспасөз қызметінің мәліметінше, Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті ғарышқа наноспутниктерді ұшыру бойынша көшбасшы оқу орны.
Жобаның мақсаты – жер қыртысы мен мантиядағы тығыздық гетерогенділігін анықтау үшін спутниктің арнайы жер станциясы мен таратқышты қамтитын гравиметриялық өлшеу жабдықтарын әзірлеу.
Бұл жұмыс үлкен тереңдіктегі геодинамикалық процестерді зерттеудің негізгі міндеттерін шешуге арналған.
Сонымен қатар, қос университет бірлесіп жасаған микроспутникті Шанхай ынтымақтастық ұйымы жариялаған экология жылы аясында және ҚазҰУ-дың 90 жылдығы қарсаңында ғарышқа ұшыру жоспарланып отыр.
"Жылдан жылға ШЫҰ-ға мүше елдер арасында барлық сала бойынша ынтымақтастық артып келеді. Бұл тұрғыда университеттер білікті мамандарды даярлауда шешуші рөл атқарады. Қазір ғылыми зерттеу жүргізу, халықаралық деңгейде білім беру және іскерлік байланысты дамытудың маңызы орасан зор. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақстандық жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары оқу орындары мен ШЫҰ университетінің хартиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мақсат – әлемдік білім кеңістігіне ықпалдасу және отандық жоғары білімнің бәсекеге қабілетін арттыру", – деп толықтырды Жансейіт Түймебаев.
Айта кетейік, ШЫҰ елдері бірлескен қаржыландыру арқылы ғылыми гранттар бағдарламасын іске қоспақ.