Қазақ тілді хабардың бәрі түн жарымда емес, жұрт оқитын уақытта болуы тиіс – депутат

580

Мәжілісте "Масс-медиа туралы" заң жобасы талқыланып жатыр. 

Қазақ тілді хабардың бәрі түн жарымда емес, жұрт оқитын уақытта болуы тиіс – депутат Фото: pixabay.com

Депутат Қазыбек Иса мемлекеттік тілде таратылатын контенттің үлесін арттыруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Заң жобасында (ред. - "Масс-медиа туралы" заң жобасы) қазақ тіліндегі телерадиобағдарламалардың көлемі басқа тілдердегі бағдарламалардың жалпы көлемінен 50 пайызынан кем болмауы тиіс еді. Бірақ, біз, депутаттар, 70 пайыздан кем болмауын ұсындық. Түзету Үкіметке кеткен, әлі жауап жоқ. Әлеуметтік желіні қарасақ, қазір қазақ тілді дүниелерге сұраныс өте жоғары. Жақында "Тоқаев халықаралық жиында қазақша сөйлеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруі" жайлы қазақша жазбалар өзге тілдегілерден 10 еседей көп оқылып, резонанс жасады. Парламентте де жиынның 90 пайызы қазақша өтеді. Мәжіліс – министрлерден мемлекеттік тілді талап ететін жалғыз билік орны", - деді ол.

Мәжіліс депутатының сөзінше, бүгінгі таңда тіл мәселесі түзеліп келеді.

"Елдегі қазақ халқының саны 70 пайыздан асып, қазақ тілді мектеп бітірушілердің гранты 70 пайызға жетті. Ал қазақ тілді әлеуметтік желілер мен ютуб арналардың жазылымдары өзге тілдерге қарағанда 10 еседей көп. Бір ғана "Оян, қазақ" фильмі миллиондаған көрермен жинап, рекорд жасады. Бірақ қазақша оқымайтын қазақ Үкіметі қазақ тіліне деген талаптың өте жоғары екенін қайдан білсін? Қазақ тілді хабарлардың бәрі елдің жатып қалған уақытында – түн жарымда емес, жұрт оқитын уақытта болуы тиіс. Қазақтар түнімен ұйықтамайды деп ойлай ма, түн жарымда тікелей хабарлар беріліп жатады кейде. Қазақша хабарлар 70 пайыздан кем болмауы тиіс және ел көретін уақытта болуы тиіс деген талап халықтың талабы. Сіз бұл талапқа қалай қарайсыз?", - деп сұрады Қазыбек Иса Мәжілістің жалпы отырысында.

Сұраққа жауап берген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның дерегінше, бүгінде 5459 БАҚ құралы ресми тіркелген

"Оның 90 пайызы – жеке меншік. Сондықтан, ол бизнес субъектілеріне жатады. Қазіргі таңда, экономика министрлігі арнайы сараптама өткізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша сіздерге жауап беріледі. Екіншіден, қазақ контент көбейту, оның пайыздық мәселелеріне келетін болсақ, маған салса 100 пайызға көшуге болатын еді. Алайда, БАҚ-тың 90 пайызы жеке меншік болғандықтан, олардың мүмкіндіктері, ерекшелігі бар. Біздің ойымызша, бұл мәселе кезең-кезеңмен болуға тиіс. Қырық та алпыс болуы керек деп пайымдап отырмыз", - деп жауап берді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу