Қазақ тіліне арналған ұлттық AI жобалары іске асырылады

245

Мемлекет басшысының жасанды интеллектті дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанда ұлттық AI экожүйесін қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақ тіліне арналған ұлттық AI жобалары іске асырылады Фото: gov.kz

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Жасанды интеллект департаменті бұдан былай өз қызметін Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында жалғастырады. Бұл шешім ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі арасындағы келісімнің негізінде қабылданды.

Жаңа формат Astana Hub технопаркі мен Alem AI экожүйесі аясында қазақ тілінің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ғылыми және инновациялық жобаларды бірлесіп іске асыруға жол ашады.

"Бұл бастама ғылым, мемлекеттік басқару және технологиялық қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, қазақ тілінің жасанды интеллект саласындағы стратегиялық рөлін күшейтеді", – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Қазір "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Alem AI экожүйесімен серіктестікті кеңейту және заманауи цифрлық шешімдерді бірлесіп әзірлеу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта тараптар ұлттық тілдік қорды толықтыру, қазақ тіліне арналған ірі тілдік модельдерді (LLM) жетілдіру және жаңа AI өнімдерін әзірлеу бағытында бірлескен жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

"Тіл-Қазына" орталығының Жасанды интеллект департаменті қазақ тілінің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға, ғылыми зерттеулерді күшейтуге, жасанды интеллект агенттерін жасауға және қазақ тілінің AI саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу