Қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек – Президент

136

Тіл – баршамызға ортақ құндылық.

Қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек – Президент Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Баршаңызбен бірге Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында бас қосып отырғанымызға ризамын. Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып. Қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз. Ең алдымен, осы жерде сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салған азаматтарға алғысымды білдіремін. Салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Соның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеру қажет", – деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек.

"Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған "Қазақ тілі" қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр. Бүгінде Ұйым мүшелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асыруда. Мен Мемлекет басшысы ретінде "Қазақ тілі" қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығымды білдіремін.

Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың "Тіл мерейі – ел мерейі" деген қысқа-нұсқа, мағынасы терең сөзі бар. Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу