Оның қызметі қарапайым, әрі өте қолайлы. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл таптырмас протез. Өнертапқыштар енді алғашқы туындысын саусағы жоқ бүлдіршіннің біріне сыйға тартқалы отыр, деп хабарлайды 24.kz.
Балалар әуелі жасанды қолдың жобасын компьютерге салады. Сосын оны 3D принтерінде құйып, кейін бөлшектерді бір-біріне қосып, жинайды. Ал протез қолдың білезік буынына бекітіледі. Осылайша бұлшық еттің қозғалысымен саусақтар бүгіледі. Қазір оқушылар оның басқа түрін жасап жатыр.
"Қазіргі жасап жатқан қол бұдан да жақсы болады және ол кішкене басқа тәсілмен жасалған. Оған басқа материалдар керек және ол кәдімгі адамның саусақтарындай болады, әрі жақсы қозғалады", – дейді лицей оқушысы Әлішер Смағұлов.
Оқушылар бұл өнертабысын "Бионика" бағдарламасымен жүзеге асырған. Ал мектеп әкімшілігі алдағы уақытта балаларға "Қолданбалы нейрофизиология" курсын оқытуды да көздеп отыр. Мәскеулік ғалымдар онлайн жүйесінде дәріс оқиды. Сондай-ақ лицейде жаңа зертхана ашу жоспарда бар.
"Алдағы уақытта осы механикалық жағдайда жұмыс істейтін протезді нейромодельдеу арқылы, кәдімгі мидың сигналдары арқылы қолдардың өзінен-өзі жұмыс істеуін жасағымыз келеді. Алдағы уақытта осыған байланысты нейромоделист лабораториясын сатып аламыз, осымен жұмыс жасаймыз", – дейді қазақ-түрік лицейінің директоры Қазыбек Елубаев.
Лицей ішінде қайырымдылық клубы жұмыс істейді. Келешекте оның мүшелері протезге мұқтаж жандарды іздеп тауып, жасанды саусақ сыйға тартпақшы. Ал дарынды жастар алғашқы өнертабысын тапсыратын баланы тапты. Оның екі саусағы ғана бар. Қазір протездің соңғы жұмысы қалды.