"Қазақалтын" шотынан 1,5 млрд теңге ұрлаған күдіктілер ұсталды

1105

Тергеу органы тергеу шеңберінде залалды өтеуді қамтамасыз ету шараларын қабылдайды. 

"Қазақалтын" шотынан 1,5 млрд теңге ұрлаған күдіктілер ұсталды

"Қазақалтын" тау-кен металлургия комбинаты" АҚ шотынан 1,5 млрд теңге ұрлаған күдіктілер ұсталды, деп ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап inbusiness.kz  хабарлайды.

Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 23 ақпанда "Қазақалтын" ТКМК" АҚ өкілдері компанияның шотынан 1 млрд 533 млн теңге ұрлау фактісі бойынша полицияға жүгінді.

Аталған қылмысты ашу үшін криминалдық полиция және тергеу бөлімшелерінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігі "аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

"Жедел-іздестіру шаралары барысында ағымдағы жылғы 26 ақпанда полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласында екі күдіктіні ұстады. Оның бірі 37 жастағы қаржы бөлімінің қызметкері болса, екіншісі оның 38 жастағы азаматтық некедегі күйеуі. Күдіктілерге қатысты сот "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады", – деді ведомстводан.

"Тергеу мүддесіне орай басқа ақпарат жарияланбайды", - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетейік, жақында "Қазақалтын" кенішінен 122 миллион теңгенің алтыны ұрланған болатын.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу