"Қазақша мәтіннен қате шыққан": Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы құжат туралы айтты

380

Сенатта Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қоршаған ортаны қорғау бойынша құжат қаралды. 

"Қазақша мәтіннен қате шыққан": Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы құжат туралы айтты Фото: parlam.kz

Сенатор Наурызбай Байқадамов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім екі жыл бұрын жасалған, Өзбекстан тарапы келісімге қол қойылғаннан кейін 4 ай өткен соң оны ратификациялағанын айтты. Депутат келісімдерді ратификациялау процесі неге созылып кетті деп мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Шынымен де, бұл мәселе бізге белгілі. Президенттің Жарлығына сәйкес Сыртқы істер министрлігі жыл сайын мониторинг жүргізеді. Аталған келісімді айтатын болсақ, оны ратификациялауға дайындау барысында қазақ тіліндегі мәтінде техникалық сипаттағы қателер анықталды. Осыған байланысты өткен уақыттың шеңберінде Сыртқы істер министрлігі анықталған қателерді жою бойынша өзбек тарапымен келісу жұмыстарын жүргізді", – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев осы мәселеге байланысты пікір білдірді.

"Ермұхамбет Болатпекұлы, бұл бүгін пайда болған проблема емес қой. Қазақ тіліндегі мәтіндерде қателер кездесіп жатады. Содан кейін сіздер оны нотамен қайтадан жібересіздер, түзейсіздер. Енді 30 жыл бойы осы мәселемен айналысып жатырмыз десек те артық болмайды. Бұған дейін де депутаттарымыз осы мәселені көтерген. Ермұхамбет Болатпекұлы, енді мұндай мәселені айтып отырған ыңғайсыз ғой. Депутаттардың алдында "қазақ тіліндегі мәтіннен қате шығыпты, соны түзедік" деп. Бұл Парламент сияқты үлкен алаңда айтылатын әңгіме емес қой. Егер тоқсаныншы жылдардың басы болса, мамандарымыз да аз болды, ол кезде әртүрлі мәселелер де болған шығар. Сол кезде осындай әңгімелер айтылса түсінуге болар еді. Қазір мамандарымыз да бар. Шетелдегі біраз үлкен ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аударып жатқан мықты мамандарымыз бар. Соңғы 5-6 жылдың ішінде олар қалыптасты. Сондықтан бізде мамандар жоқ емес, мамандар бар. Мұндай терминологиямен жұмыс істейтін мамандар да бар. Сондықтан әрі қарай да осы мәселелер қайталанатын болса, ол ыңғайсыз ғой. Қазақ тіліндегі мәтінде қате жібереміз де, қол қойылғаннан кейін ратификацияның алдында ана жаққа нота жіберіп, оны түзеп, олардың мәтіндерін түзеп жатқанымыз ыңғайсыздау", – деді ол.

Мәулен Әшімбаев Сыртқы істер министрлігі бұл жайттан қорытынды шығарып, тиісті мамандармен жұмыс істеп, әрі қарай мұндай мәселелерді болдырмайды деп сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу