Сәрсенбі, 5 шілдеде Женевада Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас директоры Дарен Тангпен кездесуде Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараев қазақстандық географиялық көрсеткішті насихаттау және ілгерілету мақсатында кездесуге қатысушыларға "Апорт" сортының шырынды алмасынан дәм татуға берді. ДЗМҰ өкілдері алманың дәмі мен хош иісін бағалап, оның жоғары сапасы мен бірегейлігін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Географиялық көрсеткіш белгілі бір географиялық аймақтарда өндірілетін өнімдерін қорғайтын әрі түрлі артықшылықтар сыйлайтын құрал. "Апорт" алма сортын географиялық көрсеткіш ретінде тіркелсе бірқатар артықшылықтарға ие болады.
Ең алдымен, оның бірегейлілігі қорғалады. Географиялық көрсеткіш Қазақстанның нақты өңірінің белгілі бір табиғи және климаттық жағдайларына байланысты "Апорт" алмасының қайталанбас сипаттамалары мен сапасын қорғауға мүмкіндік береді. Яғни басқа жерде өсірілген алмалар үшін "Апорт" атауын пайдалануға жол берілмейді.
"Апорт" алма сортын географиялық көрсеткіштер тізіміне қосу осы сорттың нарықта танылуын арттыруға ықпал етеді және тұтынушылардың сенімін арттырады. Олар "Апорт" алмасының түпнұсқалығы мен сапасына сенімді болады және өнімді географиялық көрсеткіші бойынша оңай анықтай алады.
Сонымен қатар, географиялық көрсеткішті қорғау және ілгерілету ауылдық жерлерді дамытуға, жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ халықаралық нарықта өнімді ұсынуға ықпал етеді.
Әділет министрі Азамат Есқараев "Апорт" алма сортын географиялық көрсеткіштер тізіміне енгізу ауыл шаруашылығын дамытуда және өндірушілерді қолдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл бастама экономикалық өсуді, туризмді дамытуды ынталандырады, өндірушілердің құқықтарын қорғайды және Қазақстан Республикасында алманың бірегей сорттарын дамытуға қолғабыс болмақ.
Азамат Есқараев Женевадағы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының басшысымен кездескенін еске саламыз.