Үкімет отырысына Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жылғы қаңтар-қазандағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндама жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Биылғы қаңтар-қазанда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,5%-ды құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 2,8%-ті, ал қызмет көрсету саласында – 1,6%-ті құрады", – деді министр.
Оның сөзінше өсім ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік және қоймалау салаларында тіркелді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 6,7%-ті құрады.
"Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестициялар көлемі өнеркәсіпте 4,1%-ке, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 13,7%-ке, сондай-ақ ауыл шаруашылығында – 7,4%-ке, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 14,7%-ке, көлік және қоймалауда – 8,5%-ке ұлғайды", – деді.
Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Қызылорда, Шығыс-Қазақстан және Батыс-Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды", – деді Ұлттық
экономика министрі өз есебінде.
Еске сала кетсек, биылғы қаңтар-қырқүйекте Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,8%-ды құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 3,1%-ды, ал қызмет көрсету саласында 1,9%-ды құрады.