Бүгін Астанада Қазақстан футбол федерациясының XIV кезектен тыс сайлау конференциясы өтті. Күн тәртібінде ҚФФ президентін сайлау мәселесі көтерілді. Конференцияның жұмысына федерация мүшелері және атқарушы комитеттің мүшелері, ҚФФ аппараты, аймақтық футбол федерацияларының делегаттары, БАҚ өкілдері қатысты, деп жазады egemen.kz.
Шара шеңберінде делегаттар Сейілдә Байшақовтың кандидатурасы үшін дауыс берді. Оның қорытындысы бойынша, Сейілдә Байшақов 2020 жылдың 28 қарашасына дейінгі мерзімге Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды.
"Сіздердің сенімдеріңіз бен жоғары бағаларыңызды шын жүректен алғысымды білдіремін. Өз тарапымнан, елімізде футболдың жан-жақты дамуына бар күш-жігерімді саламын. Алға қойылған міндеттерді лайықты орындап, биік мақсаттарға жетіп, жаңа шыңдарды бағындыру үшін футболды сапалық жаңа деңгейге көтеретінімізге сенімдімін", – деді Сейілдә Байшақов.