"Қазақстан халқына" қоры тәркіленген мүлік есебінен қаржыландырылады

1203

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры коррупционерлерден тәркіленген мүлік есебінен қаржыландырылатын болады. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлады Euractiv интернет-басылымы.

"Қазақстан халқына" қоры тәркіленген мүлік есебінен қаржыландырылады

Басылым жазуына сүйенсек, Мұхтар Тілеуберді "Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық нәтижесінде тәркіленген мүлік есебінен қаржыландырылатын жаңа қоғамдық қор құру туралы шешім қабылдады" деген. 

Алайда "Интерфакс-Қазақстан" агенттігінің журналисімен телефон арқылы тілдескен СІМ өкілі Айбек Смадияров БАҚ министрдің сөзін дұрыс түсіндірмегенін айтқан.

Айбек Смадияровтың айтуынша, министр "Арнайы қор құрылды, біз оған бай адамдардан қаражат аударуды сұрадық" деген. 

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда мәжіліс отырысында  "Қазақстан халқына" деген қоғамдық қор құруды тапсырған еді. Қор денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларына мемлекеттен тыс қолдау көрсетеді, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен халыққа көмек көрсетуді жүзеге асырады. 

Қорды қаржыландыру жеке көздерден: халықаралық қайырымдылық ұйымдары, лотерея қызметі операторы, мөлшерлемелерді есепке алу орталығы және басқа да монополистердің міндетті аударымдарынан, ірі бизнес тарапынан тұрақты аударымдардан, қайырымдылыққа, оның ішінде квазимемлекеттік секторға арналған қаражаттан жүзеге асырылатын болады.

Қордың төрағалығына Болат Жәмішев бекітілді. Болат Жәмішев бүгін ғана қорға түскен қаражат қайда сақталатынын, қайдан түсетінін түсіндірді.

Айта кетейік, Қазақстанның Сыртқы істер министрі жұмыс сапарымен Бельгияға барды. Онда Бельгияның Вице-Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі Софи Вильмес, Еуроодақ Президентінің Сыртқы саясат жөніндегі бас кеңесшісі Саймон Мордю, Еуропалық Одақтың Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмор, Еуропалық сыртқы іс-қимылдар қызметінің бас хатшысы Стефано Санино, Еуроодақтың Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Терри Хакала, сондай-ақ "KBC Group" Бас атқарушы директоры Иохан Тиджспен келіссөздер жүргізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу