БІЛІМСІЗДІК ТҮБІМІЗГЕ ЖЕТЕ ЖАЗДАДЫ – Сириядан келген келіншекпен әңгіме

1372

"Жусан" операциясы бойынша Сириядан оралған қандасымыздың бірі – Толғанай. Баянауылдың тумасы. Қазір Екібастұз қаласында тұрады. Әлі отызға да толмаған Толғанаймен арнайы жолығып, дидарласқан едік.

БІЛІМСІЗДІК ТҮБІМІЗГЕ ЖЕТЕ ЖАЗДАДЫ – Сириядан келген келіншекпен әңгіме

– Толғанай, алдымен сұхбатқа келіскеніңізге рақмет айтамын. "Жусан" операциясының нешінші кезеңінде елге оралдыңыз?

– Соңғы, үшінші операциямен мамыр айының соңында келдік.

– Сирияға қалай кетіп жүрсіз?

– 2009 жылы 11 сыныпты бітірген соң, Қарағанды қаласына оқуға түстім. Жолдасыммен сол қалада таныстым. Екеуіміз бір топта оқыдық. Ол мені дінге шақырып, намаз оқуыма себепкер болды. Университетте оқып жүріп, некеге тұрдық. Соңғы курста күйеуімнің достары Сирияға жихадқа кете бастады. Ең жақын деген достарының өзі шекара асып кетті. Содан оның да қызығушылығы артты. Түрлі видеолар көре бастады. Бірде үйге жолдасымның досы келді. Сирияға кетіп бара жатыр екен. Күйеуім аяқ астынан шешім қабылдап, әлгі жігітпен еріп кетті. Кейін мені шақырды. "Бұл жақта бәрі шариғат заңымен жүреді" деп қызықтырып қойды.

– Жолдасыңыздың жихадқа кеткенін ата-анаңыз білетін бе еді?

– Білді. Ол кеткен соң, ата-анам біздің теріс ағымда жүргенімізді айтып, мені қыспаққа алды. Хиджабты шеш, намазды таста деді. Күйеуіме хабарласып, ата-анам тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын айттым. Ол "дініңе қауіп төніп тұр, Ислам халифатына келгенің дұрыс" деді. Осылайша, жолдасым кеткеннен кейін бір жарым жыл өткенде мен де Сирияны бетке алдым. Бұл 2014 жылдың шілдесі болатын.

– Баламен кеттіңіз бе?

– Иә, екі балам бар еді ол кезде.

– Ислам халифатындағылар Сіздерді қалай қарсы алды?

– Басында бәрі жақсы болатын. Шабуылдың бәрі біздің жеңісімізбен аяқталып жатты. Ақша да жеткілікті еді. Әскерилер мұнайлы жерлерді жаулап ала бастады. Әуе қатынасын қолдарына алды. Шыны керек, басында ештеңе ұқпадық. Шариғат үстемдік құрған жерде тұрып жатырмыз десек те, соғыстың көптігі күмәнді ойларға жетелейтін.

– Соғыстың ортасында жүрдіңіздер ме?

– Жоқ. Әуелде соғыс біз тұрып жатқан жерден аулақта болды. Біз, әйел-балалар қалалық жерде тұрдық. 2017 жылдан бастап әскеріміз жеңіліске ұшырай бастады. Сол кезде бәрі түсінікті бола түсті. Өйткені, билік басында кілең арабтар отыр. Олардың мақсаты мүлдем бөлек еді. Олар бізді адам құрлы көрмейтін. Осылайша, қиындықтар басталды.

– Ол кезде күйеуіңізбен бірге ме едіңіз?

– Олар үнемі соғыста жүреді. 2017 жылдың желтоқсан айында қонақта отырған жерінде күйеуімнің үстіне бомба түсіп, мерт болды. Дәл сол уақытта үйлерге бомба тастау белең алды. Қалада атыс-шабыс көбейді. Сол кезден қиындықтар басталды. Аштық белең алды. Даладан далаға көшуге мәжбүр болдық. Міне, сол кезде ғана Ислам халифатының шынайы картинасы көз алдымызға келді.

– Шынайы картина дегенді қалай түсінсек болады?

– Жергілікті арабтар мен біз секілді әр елден келгендердің жағдайы бірдей емес еді. Арабтар шетінен бай. Олар ішіп-жемнен тарыққан жоқ. Ал біз ешкімге керексіз болып қалдық.

– Жесір қалған соң балаларды қалай асырадыңыз?

– Күйеулері қайтыс болған жесір келіншектердің бәрі бір үйде тұрды. Ашыққанымыз сондай, қайыр сұрап кеттік. Зекет үйіне барып тамақ сұраймыз. Ондағылар бізді қуып жібереді. Ал арабтарға, ирактықтарға тамақ береді.

– Қазақстанға қайтудың жолын іздеп көрген жоқсыздар ма?

– Көрдік. Өкінішке қарай, жол жоқ еді. Жоқ, жол болды. Бірақ қауіпті еді. Оққа ұшарың анық. Өйткені, жер-көктің бәрі жарылыс. Қашуға ниеттенгендерді түрмеге қамайды, жазалайды. Өзін өзі жарып жіберетіндер көбейді. Себебі, арабтар жәннатқа барудың тіке жол сол деп ұғындырды, үгіттеді. Ер азаматтардың көбі осылай өлді. Кейін әйелдер де өздеріне қол жұмсай бастады.

– Қазақстандағы ата-аналарыңызбен байланыс бар ма еді?

– Иә. Ата-анадан безініп кетсек те, қиналған шақта солардан көмек сұрадық. 2019 жылы мүлдем далада қалдық. Тұрып жатқан жеріміз тарыла бастады. Кәдімгідей тірі соғыстың ішінде жүрдік. Төбемізден оқтар ұшып жатты. Оттың ортасында жүреміз. Алладан дұға тілеумен болдық. Жеңілдік сұрадық. 2019 жылы күрдтердің қолына өттік. Мұнда жарақат алған адам көп. Оларға ешкім қарамайды, көмектеспейді де. Аяқ, қолдары құрттап, шіріп, жатыр. Өйткені мұнда медициналық көмек, дәрі-дәрмек деген атымен жоқ.

– Күрдтердің лагерінде қанша уақыт болдыңыз?

– Өз басым үш ай болдым. Мұнда жарты жыл, бір жыл отырғандар бар.

– Балаларыңыз әрдайым өзіңізбен бірге болды ма?

– Иә. Сирияға екі баламен кеттім. Бір балам сол жақта үстіне бомба түсіп мерт болды. Қазір үш балам бар.

– Арабтар Исдам дінін толық ұстана ма?

– Жоқ. Арабтар да арақ ішіп, темекі тартады. Көбінің намаз оқығысы жоқ. Қорыққандарынан істейді. Өз үйлерінде намаз оқымай, арақ ішіп, темекі тартатындарды жазалайды. Жергілікті халық бізді жақтырмайды. "Біздің жерімізге неге келдіңдер? Өміріміздің ойран-топырын шығардыңдар" деп қарғайды. Көмектеспейтіндіктері де сондықтан.

– Балаларыңыз ол жақта білім алды ма?

– Жоқ, ондай мүмкіндік болған емес. Әркім өз үйінде шамасы келгенше оқытады. 12-13 жасқа толған ұлдарды соғысқа дайындайды. Оларды бөлек алып кетіп, қару ұстауға үйретеді. Өкініштісі, өзін өзі жарып жіберетіндер де жас балалар еді. Өйткені олар үгітшілердің айтқанынан шыға алмай қалады.

– Сонда ел ішінде үгітшілер болғаны ғой?

– Әлбетте. Аптасына үш-төрт мәрте келіп, үгіт жүргізеді. Шын мәнінде, Ислам халифаты орнағанына көзімізді жеткізгілері келеді. Елге қайтамыз дегендерге сендерге жәннатқа жол жоқ деп қорқытады. Алдағы өмірді қорқынышты жағдайлармен елестеді. Елге қайтсаңдар Алланың қаһарына ұшырайсыңдар деп үркітеді. Қайтуға бет алғандарды қара тізімге алып, жазалайды.

– Сирия жерінде екінші рет тұрмыс құрдыңыз ба?

– Иә. Күйеуім қайтыс болған соң, бір жылдан кейін мүгедек адамға тұрмысқа шықтым. Егер тұрмысқа шықпасаң, сауап алмай отырсың деп қыспаққа алады. "Сенің құлшылығың – күйеуің" деп үгіттейді. Ол жақта көп әйел алушылық кең таралған. Еркектерде үш-төрт әйелден болады. Мен біреуге екінші, үшінші болып шыққым келмеді. Сондықтан бір мүгедек адамға шықтым. Отбасымен бомбаның астында қалып, әйелі мен бала-шағасынан айырылған екен. Әлгі адамға жәрдемдесейін деген оймен тұрмыс құрдым. Алланың қалауы ғой, онымен аз ғана уақыт тұрдым. 

– Адасып, Сирияға баруыңыздың себебі неде деп ойлайсыз?

– Білімсіздік қой. Бұл біз үшін үлкен сынақ болды. Қазір білім алсам деймін. Ата-анамды тыңдамай, Сирияға кетіп қалғаным үшін қатты өкінемін. Олардан мың қайтара кешірім сұрадым. Олардың қалағанын істедім. Хибжабымды шеш деді. Шештім. Өкінішке қарай, мен ата-анамды қорқытып, Ислам дінін басқа қырынан көрсетіп алдым. Олар қазір менің дінімнен, намазымнан, орамалымнан әлі күнге қорқады. Бірақ Исламды жақсы жағынан көрсеткім келеді. Өйткені, Ислам мейірімділіктің, бейбітшіліктің діні.

– Алда қандай жоспарлар бар?

– Жоспар көп. Оқуымды бітіріп кеткем. Алла қаласа, мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Арнайы курстардан өтіп, білімімді жетілдірсем деймін. Балаларымды балабақшаға, мектепке беремін. Алдағы өмірімді мәнді де мазмұнды өткізсем деймін.

– Сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу