Қазақстан Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмек көрсетеді

1606

Шағын және кеңейтілген құрамдағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.  

Қазақстан Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмек көрсетеді Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың Қырғызстан Президенті ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын қазақ еліне көрсетілген айрықша құрметі деп бағалайтынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz  Ақорданың ресми сайтына сілтемемен.

– Қырғызстан – біз үшін одақтас мемлекет, сондай-ақ, тату көрші, бауырлас ел әрі сенімді серіктес, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ағайын елдің қарым-қатынасын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің бұл сапары қос мемлекеттің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған мерейлі кезеңімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін айтып, бүгінгі келіссөздер қорытындысы қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігін дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Саяси, экономикалық, гуманитарлық және әскери-техникалық салалардағы мүддеміз ұқсас. Осы уақытқа дейін екі ел арасында 180-ге жуық құжатқа қол қойылған. Біз бүгін де бірлескен мәлімдеме қабылдап, бірқатар маңызды келісім-шартқа қол қойдық. Қазақстан мен Қырғызстан Еуразия экономикалық одағы аясында белсенді әрекет етуде. Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау үшін ауқымды жұмыстарды бірге атқарып келеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер барысында коронавирусқа қарсы бірлескен жұмыстар талқыланды. Қазақстан қырғыз халқына кезекті гуманитарлық көмек ретінде медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектер жолдауға дайын екенін растады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу