Қазақстан мен Германия ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

206

Елімізде бірқатар неміс университетінің филиалдары ашылады.

Қазақстан мен Германия ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтады Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Германия канцлері Олаф Шольтің елімізге ресми сапары аясында ғылым саласында қандай құжаттарға қол қойылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Сапар аясында 6 негізгі құжатқа қол қойылады. Біріншіден, Алматы энергетика және байланыс университеті негізінде белгілі Анхальт университетінің филиалы ашылады. Энергетика, электр энергетика сияқты бірнеше бағдарламамен бастаймыз. Екіншісі Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде тұрақты инжиниринг филиалы ашылады. Бұл Берлин техникалық университетінің филиалы. "2+1" формуласымен жұмыс істейміз, яғни екі жыл Қазақстанда бір жыл Германияда, тағы бір жыл өндірісте. Үшінші құжат Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жанында Қазақстан-Неміс ғылыми орталығы ашылады", - деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.

Сөзінше, бұл Қазақстан және Германияның ғылыми-зерттеу институттары арасындағы жұмысты жүйеге келтіру мақсатында жасалып отыр.

"Төртіншіден, Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде металлургия және кен байыту саласындағы арнайы ғылыми-зерттеу орталығы ашылады. Оған бірқатар университет кіреді. Негізгі мақсат – металлургия, сирек металдар, кен байыту бағытында бірлескен ғылыми жобалармен айналысу. Бесіншісі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің негізінде неміс тіл үйрену орталығы ашылады. Бүгін оны ресми ашамыз. Соңғы жылдары неміс тілі ұмытылып кетті. Бұрын неміс тілі мектеп, жоғары оқу деңгейінде жақсы оқытылған. Қазір мүлдем қалған жоқ. Соңғы келісімшарт – Алматыдағы ұлттық аграрлық университет негізінде су шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы ашылады. Қазіргі таңда су мәселесі үлкен мәселеге айналды. Сондықтан арнайы практикалық қолданбалы ғылыми зерттеу орталығы болады", - деп нақтылады Саясат Нұрбек.

Айта кету керек, осыған дейін Германияның федералдық канцлері Олаф Шольцтің Қазақстанға ресми сапары басталғанын жазғанбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу