Қазақстан мен Қытай қылмыстық істер бойынша бір-біріне құқықтық көмек береді

250

Қазақстан алыс және жақын шет мемлекеттермен өзара құқықтық көмек туралы 17 құжатты бекіткен. 

Қазақстан мен Қытай қылмыстық істер бойынша бір-біріне құқықтық көмек береді Фото: BBT

Сенат Мәжіліс қабылдаған "1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ұсынылып отырған заң арқылы 1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау көзделеді. Хаттамаға 2023 жылғы 17 мамырда Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында қол қойылған. Хаттаманың негізгі мақсаты – екі ел азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын қорғауға бағытталған Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың тәртібін тағы бір мәрте нақтылау", - деді сенатор Амангелді Толамисов.

Сөзінше, құжатпен құқықтық көмек көрсету кезіндегі екі елдің қарым-қатынас тәртібін анықтайтын шарттың 2-бабына өзгерістер енгізіледі. 

"Өзгерістерге сәйкес, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінген кезде өзара қатынас жасалатын тараптардың орталық мекемелерінің қатары Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қытай Халық Республикасы тарапынан – мемлекеттің Жоғарғы Халық Сотымен толықтырылады. Осылайша, Хаттамамен өзара қарым-қатынас жасайтын орталық мекемелер ретінде Қазақстан тарапынан Жоғарғы Сот, Бас прокуратура және Әділет министрлігі айқындалған болса, Қытай тарапынан Әділет министрлігі, Жоғарғы Халық прокуратурасы және Жоғарғы Халық Соты белгіленген", - деп жалғастырды депутат.

Өзгерістер арқылы екі ел азаматтары мен заңды тұлғаларының жеке және мүліктік құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін тезірек шешуге ықпал етеді деп күтіліп отыр.

"Статистикаға тоқталсақ, 2022-2023 жылдары аралығында құқықтық көмек көрсету бойынша екі ел арасында 76 өтініш түсіп, сұрау жіберілді, оның ішінде Қытай тарапынан – 10, Қазақстан тарапынан – 66. Бүгінде Қазақстан алыс және жақын шет мемлекеттерімен азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы 17 халықаралық шартты ратификациялаған", - деді Амангелді Толамисов.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс Қазақстан мен Қытай арасындағы азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы хаттаманы ратификациялағанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу