Қазақстан мен ОАР сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты арттырмақшы

1414

Қазақстан мен ОАР сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты арттырмақшы

Астанада Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Африка Республикасының сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың жаңа кезеңі өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Қазақстандық делегацияны – сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Қамалдинов, оңтүстік африкалық делегацияны ОАР Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық департаменті (министрлік) министрінің орынбасары Номаиндия Мфекето басқарды.

Тараптар екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. А. Қамалдинов әңгіме барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен таныстырды, сондай-ақ оңтүстік африкалық делегацияның "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Олар Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде тұрақты емес мүшелік етуі аясында тиімді өзара іс-қимыл жасаудың маңыздылығын атап өтіп, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Министрліктің деректері бойынша, оңтүстік африкалық тарап екіжақты қатынастарға жоғары баға берді. Келіссөз барысында делегация басшысы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Әлем. ХХІ ғасыр" манифесін ерекше атап өтті. ОАР сыртқы саяси ведомствосы басшысының орынбасары Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасының барлық бағыттар бойынша, соның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту үшін қажетті әлеуеті бар екенін мәлімдеді. Оның айтуы бойынша, оны 2015 жылғы желтоқсанда Астана қаласында "Қазақстан Парамаунт" зауытының ашылуы растайды. Осы зауыт өнімі 2016 жылғы маусымда Астанада өткен  "КАДЕКС-2016" әскери техника көрмесі барысында күшті әсер туғызды.

Консультациялардың қорытындылары бойынша, алдағы кезеңге әріптестікті дамыту жөніндегі бірлескен қадамдар бекітілген екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының саяси консультацияларының бесінші кезеңінің хаттамасына қол қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу