Қазақстан мен Ресейдің сауда көлемі 12,2 млрд долларға жетті

2836

Үкіметаралық комиссиясының хаттамасына қол қойылды.

Қазақстан мен Ресейдің сауда көлемі 12,2 млрд долларға жетті

Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов пен Ресей Федерациясы үкімет төрағасының бірінші орынбасары – қаржы министрі Антон Силуанов екі ел арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 21-отырысына қатысты. 

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, отын-энергетикалық кешені, атом энергиясын бейбіт пайдалану, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, білім және ғылым, әлеуметтік-еңбек қатынастары, ақпараттық технологиялар, мәдениет, туризм, өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының өзара қарым-қатынасы салаларындағы маңызды мәселелерді күн тәртібіне қойды.  

Белгілі болғандай, Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық байланысты көпвекторлы саясат арқылы ілгерілетіп отыр. Бұған мемлекет басшылары тікелей ықпал етуде.  

Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы Ресейдің үлесі 19,5%-ды құрайды. Былтыр екі ел арасындағы сауда көлемі 18,5 млрд долларға жетті. Биылғы жылдың 8 айының қорытындысында мемлекетаралық алыс-беріс 0,8% -ға ұлғайып, 12,2 млрд долларды құрады.  

Осы көрсеткіш тараптардың көңілінен шықпайтын тәрізді. Бұл туралы Ресей Федерациясы экономикалық даму министрінің бірінші орынбасары Михаил Бабич: "Қазақстан мен Ресейдің екіжақты сауда көлемі біз қалағандай қарқынмен өсіп жатқан жоқ. Болжам бойынша, биыл тараптар арасындағы сауда көлемі 2018 жылғы көрсеткіш деңгейінде сақталады. Минералды тауар экспортының көлемі 35%-ға дейін қысқарып қалды...", –  деді.

Өз кезегінде Ресей Федерациясы үкімет төрағасының бірінші орынбасары – қаржы министрі Антон СилуановРесей компаниялары Қазақстанда жұмыс істеуге мүдделі екенін айтты. 
"Минералды тыңайтқыш өндіретін "ЕвроХим" зауытының құрылысы маңызды жобалардың бірі саналады. Мұндағы инвестиция көлемі 270 млн  долларды құрайды. Әлі 600 млн доллар қажет", – деді Антон Силуанов.

Оның сөзінше, бұдан бөлек мыс өндіру мен инновациялық-фармацевтикалық кешенге қатысты жобалар бар. 

"Біз соңғы жылдары алға ілгеріледік. Соңғы жылдағы нақты көрсеткіштер  64,3%-ды құрады", – деді Антон Силуанов.

Жиын қорытындысында Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының 21-отырысының хаттамасына қол қойылды және 22- отырыс 2020 жылы Ресейде өтетіні жарияланды.   

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу