ҚР елшісі Раушан Есболатова Таиландтың Фискалды саясатты зерттеу институты Сауда бөлімінің жетекшісі П.Васавонгпен және Таиландтың Инвестициялық кеңесі өкілдерімен кездесу өткізіп, елшілік екі ел арасындағы сауда диалогын дамытудағы тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігін мәлімдеді, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Р.Есболатова таиландтық институт пен кеңес басшылығына кетер жылы орын алған жемісті ынтымақтастық үшін алғысын білдірді. Атап айтқанда, осы мекемелердің бірлескен делегациясының биыл қыркүйек айында ұйымдастырылған Қазақстанға сапары атап өтілді. Сапар мақсаты тай кәсіпкерлері үшін перспективалар тұрғысынан Қазақстанның инвестициялық және сауда әлеуетін зерттеу болды.
Аталған сапар екі елдің іскер топтары арасында Бангкокта Инвестициялық кеңестің алаңында өткен бизнес-форумында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылғаны атап өтілді.
Өз кезегінде, П.Васавонг Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерге оң баға бере келе, елшіліктің қолдауымен ұйымдастырылған сапар барысында делегация мүшелері тиісті тікелей байланыс орнатып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жемісті кездесулер өткізгенін растады. Сонымен қатар, институт өкілі Қазақстанға ұйымдастырылған сапар нәтижелері бойынша жергілікті кәсіпкерлер мен бизнесмендері үшін ҚР инвестициялық преференциялары туралы жан-жақты ақпаратты қамтитын тай тіліндегі арнайы есеп-нұсқаулық басылып шығарылғанын хабарлады.
Тараптар 2020 жылға арналған күн тәртібіндегі перспективалық бағыттарды анықтай отырып, тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.