Қазақстан Оңтүстік Кореяны қажетті шикізатпен қамтуға ниетті

235

Оңтүстік Корея компаниялары литий кен орындарын игеруге қызығушылық танытып отыр. 

Қазақстан Оңтүстік Кореяны қажетті шикізатпен қамтуға ниетті Фото: akorda.kz

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Корея бизнес форумында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы Қазақстан-Корея бизнес форумы өте маңызды іс-шара екенін жеткізді.

"Президент Юн Сок Ёль мырзаға зор ризашылығымды білдіремін. Сізбен бірге ірі бизнес өкілдері делегациясы келіп отыр. Мұны стратегиялық серіктестігіміздің айқын көрінісі деуге болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форум екі елдің экономикалық ынтымақтастығын нығайта түседі деп күтіліп отыр.

"Біз үшін Оңтүстік Корея технологияларының толыққанды трансферті, сондай-ақ заманауи жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндірісін жолға қою маңызды. Әсіресе, Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты ірі мұнай-газ кен орындарының кеңеюін ескеретін болсақ, бұл мәселе өзекті. Толыққанды геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу үлкен мүмкіндіктер ашады,  кейіннен мұнай мен газ кен орындары игеру жүзеге асырылады", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, еліміздің жер қойнауында пайдалы қазбалардың көптеген түрінің 5000-ға жуық зерттелмеген кен орны бар.

"Сарапшылардың бағалауына сәйкес, 2040 жылға қарай сирек металдарға деген әлемдік сұраныс 4 есе артады. Біз экономиканың тұрақты дамуы үшін қажетті шикізат пен материалдарды жеткізу арқылы Оңтүстік Кореяның сенімді серіктесі бола аламыз. Литий кен орындарын игеруге қызығушылық танытатын оңтүстік кореялық серіктестермен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігімізді білдіреміз", - деді Мемлекет басшысы.

Айта кету керек, осыған дейін Елордада Қазақстан-Корея бизнес форумы басталғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу