Қазақстан Ресейдің қосымша нарығына айналып барады

908

Отандық тауар өндірушілер осылай деп дабыл қағып жатыр.

Қазақстан Ресейдің қосымша нарығына айналып барады

Өйткені, арзан бағамен, үлкен көлемде кіріп жатқан өніммен жергілікті аграрилер бәсекелесе алмайды. Салдарынан ел нарығы импортқа тәуелді болудың алдында тұр. Ал бұл азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етеді дейді мамандар. 

Былтыр Қазақстанда 30 мың тонна қант өндірілген. Ал, Ресей 6 млн тоннаға жуық өнім алыпты. Көп ұзамай санкция құрсауындағы солтүстік көршіміздің ас та төк шекері бізге қарай ағылды. Ал отандық кәсіпкерлер су тегінге келіп жатқан тауармен бәсекелесу мүмкін емесін айтады.

"Ресми статистикаға сенсек елге автокөлікпен 5-6 мың тонна қант кіреді. Бірақ, шекараны айналып немесе жасырын өтетін тауар қаншама. Оның біразы транзиттік жүк ретінде шекарадан кірсе, енді бірін отандық трейдерлер заңсыз тасып жатыр. Ешқандай салық төлемеген соң, бұл өнімдер арзанға сатылады. Бұның бәрі адал бәсекені жояды. Сондықтан бұл өнімдерді көлікпен кіргізуге тыйым салу керек", - дейді Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Айжан Наурызғалиева

Маманның айтуынша, тауары өтпей тұрған зауыттар өндірісті тоқтатуға мәжбүр. Яғни, қант қызылшасын егетін диқандардың еңбегі де еш кетеді деген сөз. Бұл шаруалардың басқа дақыл егуге көшуіне, яғни, өндірушілердің шикізатсыз қалуына әкеледі. Бірақ бұл мәселенің бір ұшы ғана. 

"Бұл сұр импорт шетелге қайта экспортталып жатыр. Яғни, біздің кәсіпкерлердің нарығын тартып алып жатыр деуге болады. Одан бөлек біз арқылы өткен Ресей бидайының қосымша құн салығы біздің бюджет қаржысымен өтеліп жатыр. Бұған тосқауыл қою үшін біз экспортқа тек лицензиясы бар өнімді шығару туралы норма қабылдап жатырмыз", - дейді ҚР АШМ Агроазық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының міндетін атқарушы Шаймерден Ахметов.

Қазір кей дақылдарды автожолмен тасымалдауға тыйым салу туралы бұйрық дайындалып жатыр. Сонымен қатар, Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына шығуға талпынып жатыр. Бұл Орта Азиядағы Ресей бәсекесіне төтеп берудің бір жолы дейді мамандар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу