Түркияның Анталья қаласында аяқталған "Анталья ЭКСПО-2016" халықаралық ботаникалық көрмесінде қазақстандық павильон қатысушы 54 мемлекеттің ішінен үшінші орын алды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап strategy2050.kz хабарлайды.
Түркияда алты ай бойы өткен World Botanic EXPO-2016 халықаралық мамандандырылған көрмесінде қазақстандық павильон бақша экстерьері мен интерьерін жасау номинациясында үшінші орын алды. Қазақстандық павильон ең ақпараттық павильондардың бірі, көрме барысында оны 75 елдің өкілі тамашалаған.
Қазақстандық павильонның экспонаттарын ҚР БҒМ Ғылым комитеті жанындағы Ботаника және фитоинтродукция институты әзірлеп, көпшілікке ұсынған.
Павильон қонақтары палеоботаникалық үлгілер жиынтықтары түрінде жасалған Қазақстанның флорасының тарихымен, оның ішінде "Қызыл кітапқа" енгізілген сегіз ағаш тұқымдас өсімдік түрімен танысты.
Әлемдегі ең үлкен көрменің өсімдіктерден жасалған үздік павильонын таңдау кезіндегі басты критерийлер павильонның көрме тақырыбына сай болуы, нақтырақ айтқанда, тарихын, биологиялық әралуандығын сақтау, тұрақты даму мен "жасыл қала" болды.