Қазақстанның өзінде биыл магнитудасы 4-тен жоғары 250-ден аса жер сілкінісі болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты finprom.kz порталына сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар министрлігі ұлттық сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулер орталығының ақпаратынша, ел аумағының шамамен 40%-ы жер сілкінісіне ұшырауы мүмкін.
Бұл – 400-ден астам елді мекен аумағы. Мұнда 7 миллионға жуық халық тіршілік етеді.
Осылайша, биыл Қазақстан жер сілкінісі көп тіркелген 20 елдің қатарына еніп, 101 елдің ішінде 17-орынға жайғасып отыр.
Былтыр төтенше жағдайлар министрлігі 2024-2028 жылдарға арналған сейсмология саласын дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеген. Онда жер сілкінісінен келетін залалдар қаупін арттыратын негізгі мәселелер көрсетілген. Олардың қатарында:
– мониторинг жүйелерінің қазіргі талаптарға сай келмеуі;
– көптеген аймақ үшін сейсмикалық аудандастыру карталарының болмауы;
– ірі қалалардың сейсмикалық микроаудандастыру карталарының жоқтығы;
– ең қауіпті аймақтар үшін жаңа құрылыс нормаларын әзірлеу қажеттігі;
– ғимараттардың сейсмотұрақтылығын күшейтудің жеткіліксіздігі бар.
Еліміздің сейсмикалық аудандастыру картасына сәйкес, ең қауіпті аумақтар қатарына Алматы облысы мен Алматы қаласы жатады. Мұндағы жерасты дүмпулерінің қарқыны 9 балға дейін жетуі мүмкін. Басқа оңтүстік және шығыс өңірлерде 8 балға дейінгі сейсмикалық толқулар болады деп болжанған.
Төтенше жағдайлар қаупі 7 балға дейін жететін қара жасыл аймаққа Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстары кіреді. "6 балға дейінгі толқулар мүмкін" деп есептелетін ашық жасыл аймақта елдің оңтүстік шекаралары мен Батыс және Орталық Қазақстанның көп бөлігі бар.
– Еліміздегі сейсмикалық аймақтар техногендік факторлардың әсерінен кеңеюімен байланысты. Бұл факторларға мұнай мен газ кен орындарын қарқынды пайдалану, гидротехникалық құрылыстардың салынуы және т.б. жатады, – дейді ЮНЕСКО-ның жер сілкінісі мәселелері жөніндегі сарапшысы, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Танатқан Абақанов.
Earthquakelist.org ғаламдық порталының мәліметіне сенсек, 25 қарашаға дейін Қазақстанда магнитудасы 4-тен жоғары 259 жер сілкінісі тіркелген. Жалпы, әлемде жер сілкінісі ең көп тіркелген үш ел бар. Олар – Мексика, Индонезия мен Жапония. Аталған мемлекеттер тектоникалық плиталар шекараларында орналасқандықтан, әрқайсысында 11 айда 1,4 мыңнан астам сейсмикалық толқу болған.
Айта кетейік, қатты жер сілкінісі (магнитудасы – 6,7 балл) Алматы қаласында 23 қаңтарда тіркелді. ТЖД мәліметінше, жерасты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, яғни 264 шақырым жерде болған.