Қазақстан жолдарын қалыпқа келтіру үшін триллиондар қажет

641

Шетелдік тасымалдаушылар Қазақстанның жолдарымен жүргісі келмейді. Өйткені сапасыз.

Қазақстан жолдарын қалыпқа келтіру үшін триллиондар қажет

Үлкен транзиттік жолдың бірі Алматы-Екатеринбург тас жолының проблемалы аумақтары әлі жөнделіп бітпей жатыр. Құны 317 миллард теңгеге жеткен осы трассаның Қарағанды-Балқаш аралығындағы бөлігі биыл да аяқсыз қалатын болды. Неге?

Күні кеше ел Президенті көлік логистикасы саласын дамыту стратегрялық міндет деп атап айтқан еді. Алайда, Қарағанды -Балқаш тас жолының сиқы мынау. Қырық сылтау айтқан мердігерлер осы күнге дейін құрылыс жұмыстарын сағызша созып келеді.

Құрылысы аяқталмай жатып, осылайша ойдым-ойдымы шыққан жолдың құны бүгінде 317 млрд теңгеге жеткен. 

"Жобаның бастапқы құны 248.3 млрд теңгені құрады. Ол 2017-2020 жылдарындағы баға бойынша қарастырылған. Бүгінгі таңда түзету жүргізілгеннен кейін құны 317 млрд құрады. Бүгінгі күні негізгі шартқа қосымша сәйкес құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылдың соңы", - дейді "ҚазАвтоЖол"ҰҚ"АҚ Қарағанды облысы филиалы басшысы орынбасары Айбек Амантаев.

Осылайша, құрылысы бес жылға созылғалы тұрған жолдың бүгінгі кемшіліктері де шаш етектен.

"Қарағанды Балқаш автомобиль жолы бойынша бүгінгі таңда 86 шығу жұмыстары орындалған. Оның ішінде 147 сынама алынды. 147 сынаманың 34-і нормативтік құжатқа жауап берген жоқ. Кейбір участоктерде асфальттің қалыңдығы келген жоқ", - дейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК бөлім басшысы Тұрар Манас.

Автомобиль жолдары комитетінің берген дерегіне сәйкес, дәл осы Алматы  Екатеринбург күре жолымен соңғы 8 айдың ішінде 2181 жүк көлігі өткен. Оның 1323-інен көлік заңнамасының бұзушылы анықталды. Сондай-ақ, жүргізушілерге 113,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 315 хаттама толдырылған. 

Айтпақшы, Көлік министрлігіндегілердің мәліметінше, республикалық және халықааралық жолдың 4700 шақырымы жөндеуді талап етеді.

"Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, қарқын алған көлік ағынының өткізу қабылетін қамтамасыз ету үшін, басым жобалар айқындалды. Аталған жобалардың жалпы көлемі 4,7 мың шақырымды, ал жалпы құны 14,4 млрд АҚШ долларын құрайтын болады", - дейді ҚР Көлік министрлігі автомобильдер жолдары комитетінің бас сарапшысы Нұртілек Хасенов.

Теңгемен айтсақ, 6 жарым триллиондай болады екен. Ал, аталған қаражатты жұмсамасқа тағы болмайды. Өйткені шетелдік тасымалдаушылар еліміздің жолдарымен жүруден бас тартып жатыр.

"Автокөлік құралдарының тиісті өткізу қабілетін қамтамасыз ете алмайтын, жай-күйі сын көтермейтін халықаралық және  республикалық маңызы бар автомобиль жолдары, сонымен қатар тар участкелер халықаралық жүк тасмалдаушылар тарапынан өңірлердегі баламалы бағыттарды іздеу сұраныстарын арттыруына алып келіп отыр", - дейді ҚР Көлік министрлігі автомобильдер жолдары комитетінің бас сарапшысы Нұртілек Хасенов.

Республикалық маңызы бар жолдарды былай қойғанда облыстық орталыққа қатынайтын жолдардың да жағдайы мәз емес екен. Бір ғана Қарағанды облысында Графика: 85 жол қалыпқа келтірілген. Бірақ жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мәліметінше, 65-і нормативті құжатқа сай келмеген.

"Ол дегеніміз 80 пайыз. Өте көп. Тағы бір кемшілігі- ауыр кемшілік десек те болады. Осы біз берген ақауларға, ескертулерге қарамастан, нысандар қабылданып жатыр. Тапсырыс беруші тарапынан", - дейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК бөлім басшысы Тұрар Манас.

Жалпы бөлінген қаражатты талан-таражға салғандардың сотталғаны туралы ақпарат аз емес. Алайда, сапаны тексеретін зертханалық ұйымның ескертулерін елемеген әкімдік өкілдерінің әрекеті заң аясында болғаны ма? Белгіленген мерзімінен кешіккені өз алдына, талапқа сай емес салынып жатқан жолдардың сұрауы кімнен? Сұрақ көп, нақты жауап жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу