2024-2025 оқу жылында 7920 мектеп болса, қазір 8048 жалпы білім беру ұйымы бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 18 090 оқушыға арналған 32 жалпы білім беретін мектеп, сондай-ақ 4207 орынға арналған 32 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілген. Оның ішінде 14 мектеп пен 26 мектепке дейінгі ұйым ауылдық жерлерде орналасқан.
– Есепті кезеңде жалпы білім беретін мектептердің ең көп саны Түркістан және Атырау облыстарында – 5 мектептен пайдалануға берілді. Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстарында 3 мектептен, Жамбыл облысында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында 2 мектептен пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, 2026 жылғы қаңтар-шілде айларында 9 оқу орталығы пайдалануға берілді. Оның 3-еуі Қызылорда облысында, 2-еуі Шымкент қаласында, 2-еуі Атырау облысында, 1-еуден Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан, – деп жазылған ресми сайтта.
Жаза кеткен жөн, Алматы қаласында ауданы 10 662 шаршы метр болатын балалар шығармашылығы орталығы, ал Абай облысында ауданы 9 809 шаршы метр болатын оқушылар сарайы да пайдалануға берілді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында мектептерге 4,1 миллионнан аса бала қабылдау жоспарлануда, оның арасында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады.