Қазақстанда бар болғаны 100 нысан экологиялық жағынан таза, оның тек жартысы халықаралық стандарттарға сай

400

Көрші Ресейде 1000 ғимарат сертификаттаудан өткен.

Қазақстанда бар болғаны 100 нысан экологиялық жағынан таза, оның тек жартысы халықаралық стандарттарға сай Фото: Inbusiness.kz

Қазақстанда құрылыс нысандарын экологиялық жағынан сертификаттаумен BREEAM, LEED — жасыл ғимараттарды бағалау халықаралық ұйымдары мен Жасыл құрылыс жөніндегі қазақстандық кеңес айналысады. Бүгінде Қазақстанның 8 қаласында орналасқан 55 нысан отандық сертификат алды. Оның ішінде 30 нысан Астанада, 11 ғимарат Алматыда орналасқан, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Әлем бойынша бүкіл энергияның 37%-ын құрылыс нысандары мен салынып болған ғимараттар пайдаланады екен, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 48%-ға жетіп отыр. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ақпаратына сәйкес, 2022 жылғы дерек бойынша ғимараттар энергияның 46,8%-ын қолданған (2014 жылы — 33,8%). Өнеркәсіп 28,2%-бен екінші орында (2014 жылы — 45,4%), үшінші орын бар энергияның 19,8%-ын қолданатын көліктерге (2014 жылы — 13%) тиесілі. Соңғы уақыттары елімізде белең алған энергия тапшылығы уақытында мамандар жарық пен жылуды үнемдеу жолдарына баса назар аудара бастады. Әсіресе, жасыл құрылысқа ден қойылды.

Жасыл үйлер — дегеніміз, құрылыс пен қолдану барысында қоршаған ортаға көмірқышқыл газын мейлінше аз шығаратын, экологиялық жағынан таза ғимараттар. Қазақстандағы жасыл ғимараттар шығаратын парниктік газдар мөлшері жылына 1 шаршы метрге 33 кг келеді, ал қарапайым нысандар 60 кг артық газ шығарады.

"Экологиялық таза нысандар жылу, жарық, су жүйелерін салу барысында жаңа технологияларды қолдану, құрылыс барысында тек экологиялық таза материалдарды пайдалану арқылы салынады. Оған қоса "жасыл үй" атану үшін адам денсаулығына жағымсыз факторларды болдырмау керек. Мысалы, қарапайым үйде ауа жоқтығынан адамның басы жиі ауруы мүмкін не пайдаланылған құрылыс материалдарынан зиян келтіруі мүмкін, эко үйлерде мұндай мәселелер туындамайды. Ал қай нысан экологиялық жағынан таза екенін қалай білеміз? Ол үшін оны тексеріп, сертификаттау қажет. Онымен арнайы ұйымдар айналысады", — деді KazGBC атқарушы директоры Александр Белый.

Қазақстанда барлығы 100-ге жуық нысан сертификаттаудан өткен. Оның жартысына жуығы халықаралық стандарттарға сай (BREEAM, LEED — жасыл ғимараттарды бағалаудың ерікті рейтингі).

Қазақстанда құрылыс нысандарын экологиялық жағынан сертификаттаумен KazGBC — Жасыл құрылыс жөніндегі қазақстандық кеңес айналысады. Заңды тұлғалардың коммерциялық емес бірлестігі 2014 жылы құрылған. KazGBC жергілікті құрылыс, нарық ерекшеліктеріне икемделген, WorldGBC ұсыныстарына сай отандық OMIR рейтингін құрастырды. Әзірге тек офистік нысандар, сауда-саттық орындары мен тұрғын үйлерге арналып стандарттар құрастырылған, осы жылдың соңына дейін оқу-ағарту нысандарына қатысты стандарттау жүйесі іске қосылады. Сертификаттаудың 4 дәрежесі (платина, алтын, күміс, қола), 10 санаты, 50 критерийі бар (міндетті талаптар, көлік байланысы, қоқыс, денсаулық, су үнемдеу, экология, энергия, құрылыс материалдары т.б.), жиналатын максималды балл — 110.

"Бүгінде Қазақстанның 8 қаласында орналасқан 55 нысан отандық сертификат алды. Оның ішінде 30 нысан Астанада, 11 ғимарат Алматыда орналасқан, одан кейін кезек-кезекпен Ақтөбе, Шымкент, Қонаев қалалары орналасты. Көбінесе тұрғын үйлер (93%) сертификаттаудан өтті, екінші орынға 5%-бен офистік нысандар жайғасты, қалған 2% сауда-саттық орындарына тиесілі. Тексерілген нысандардың 50%-ы алтынға бағаланды, яғни нәтиже жаман емес, бірақ платина — "мінсіз" белгісін тек бір ғана (2%) нысан алды. Тексеруден өткен нысандардың арқасында жылына — 18 837 т, ғимарат жарамсыз болғанға дейінгі уақыт аралығында 1,3 млн т көмірқышқылдан құтылуға болады.

Алайда ерекше атап өтетін мәселе біз ешкімді тексеруден күштеп өткізіп жатқан жоқпыз, сертификат алу-алмау қажеттілігін құрылыс компаниясы өзі шешеді. Дегенмен кейбір ұйымдар жасыл құрылысқа ынталандыру шараларын қолға алған, мысалы, "Отбасы банк" жасыл ипотеканы іске қосты, яғни бұл жобаға тек жасыл сертификаты бар үйлер қатыса алады. Сәйкесінше тұрғын үй салушылар бізге келіп сертификаттаудан өтуге өтініш білдіреді", — деді Александр Белый.

Жаңа технологиялар қосымша инвестицияны талап етеді, inbusiness.kz құрылыс компанияларының жасыл жолға түсуі үшін қаншалықты шығындалатыны жайлы мамандардан сұрап көрді, олардың орташа бағамы 7-8% көлемінде болды.

"Біз арнайы талдау жүргіздік, соның нәтижесі негізінде айтарым, шығын көлемі біз ойлағандай көп емес. Әрине, құрылыс жұмыстары біраз қымбаттауы мүмкін, бірақ оның өзі сіз қандай дәрежеге жеткіңіз келетініне байланысты, мысалы, сіз "қоламен" шектелгіңіз келсе (110 баллдан 40 балл), онда сметалық құнның 3-5%-ы көлемінде болады. Алтын, платинаға жетем деушілерге көрсеткіш бағамы, әрине, 10-15%-ға көтеріледі", — деп түсіндірді KazGBC директоры.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу