Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қатысуымен жүзеге асырылуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Фильмнің алғашқы түсірілім күніне облыс әкімдігі, Кино орталығы, креативті индустрия өкілдері мен түсірілім тобы қатысты.
"Біз ұлттық кино шежіресіндегі тарихи кезеңнің куәсі болып отырмыз. Елімізде тұңғыш рет көне Ботай мәдениетіне арналған көркем фильмнің түсірілімі бастау алды. Жоба Мемлекет басшысының төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Түсірілім жұмыстары Солтүстік Қазақстан облысындағы бірегей Ботай қонысы аумағында және оның маңындағы тарихи-археологиялық аймақта өтеді. Дәл осы өңірде алты мың жыл бұрын адамзат тарихындағы маңызды оқиға – жылқыны қолға үйрету үдерісі жүзеге асқан. Мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылып отырған бұл жоба ежелгі өркениеттің терең тамырын жаңғыртып, Солтүстік Қазақстанның бай мұрасына деген қызығушылықты арттыра түседі", – атап өтті Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма Төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Аймақ басшылығы атынан жоба қатысушыларын түсірілім жұмыстарының басталуымен облыс әкімдігі аппаратының жетекшісі Руслан Алишев құттықтап, картинаның Солтүстік Қазақстанның ежелгі және бірегей мұрасын насихаттаудағы рөлін атап өтті.
"Біздің өңір үшін бұл шынымен де маңызды әрі мәні зор жоба. Ол тарихымызды, мәдениетімізді, табиғатымыз бен өлкеміздің сұлулығын көрсетіп, оның байлығын кең аудиторияға жеткізеді. Фильм табысты болып, көрермендердің жылы қабылдауына ие болады деп сенемін", – деді ол.
Сонымен қатар, жаңа фильмнің түсірілімінде Кино орталығы 2025 жылы ұйымдастырған республикалық "JARQYRA" кастингінің жеңімпаздары қатысатыны айтылды. Кастингке еліміздің 19 қаласынан мыңнан астам жас талант қатысып, үздіктер Кино орталығының ресми актерлік базасына енгізілді. Кастинг жеңімпаздары енді Орталықтың жаңа жобаларына белсенді тартылып, кәсіби даму мүмкіндігіне ие болады.