Бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында мал шаруашылығы мен ветеринариялық инфрақұрылымды дамытудың, жануарлардан алынатын өнімдердің экспорттық әлеуетін арттырудың негізгі мәселелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биыл ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыруға және мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға бағытталған шаралар кешені іске асырылатын болады. Осы мақсаттарға жетудің маңызды шарты ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Ветеринариялық объектілерді салу жөніндегі индикативтік жоспарлардың орындалуы алаңдатады", – деп атап өтті министр өңірлердің осы бағыттағы жұмысына наразылығын білдіріп.
Вице-министр Аманғали Бердалин мал шаруашылығының дамуы туралы баяндады. Мал шаруашылығының жалпы өнімін өндіру көлемі 3,6% өсіммен 3,3 трлн теңгені құрады. 4,3% өсіммен барлық түрдегі 1,2 млн тонна ет, 4,4% өсіммен 3,6 млн тонна сүт өндірілді. Өндірілетін өнім көлемі ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мәселен, 22,1 мың тоннадан астам сиыр еті (өсімі 1,5 есе), 17,6 мың тонна қой еті (өсімі - 2,2 есе) экспортталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есеге ұлғайту бойынша 2023-2024 жылдары 86 МТФ құрылысы қаржыландырылды, 39 пайдалануға берілді, 47 жобаны іске асыру жалғасуда. 2025 жылы өңірлерде өндіріс көлемі 139,5 мың тонна болатын кемінде 31 СТФ 2026-2027 жылдары енгізілуі жоспарланған.
Құс фабрикаларын салу және етті мал шаруашылығында австралиялық тәжірибені енгізу жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы қуаттылығы жылына 15,9 мың тонна ет бағытындағы 6 құс фабрикасы іске қосылды. Ақтөбе, Алматы, Атырау облыстарының әкімдіктерімен жобаларды іске қосу қамтамасыз етілмеген.
2025 жылға арналған австралиялық тәжірибені енгізу бойынша жұмыс шеңберінде 10 жоба айқындалды, таяудағы екі жылда 98 мың бас ІҚМ-ге 6 бордақылау алаңын, 50 мың бас ұсақ малға арналған ірі бордақылау кешенін және бірінші мамандандырылған мал биржасын салу жоспарлануда. Осыған байланысты жемшөп өндірісінің жол картасы өзектендірілді.
Отандық жылқы тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілді, бұл Қостанай тұқымының популяциясын жандандыруға мүмкіндік береді.
Ветеринариялық қадағалау саласындағы жұмыстың қорытындысы баяндалды. Соңғы үш жылда ауру ошақтарының 49,1%-ға төмендеуі байқалды. Өңірлерде 223 ветеринариялық нысан салынды. Алайда, жеті облыста бірде-бір ветеринарлық пункт салынбаған. 2025 жылы 546 жаңа нысан салу және 20 инсенератор сатып алу жоспарлануда.
2024 жылдың қазан айында "Карантиндеу-Экспорт" жаңа функционалы іске қосылды, ол жануарлардың жай-күйін бақылау процестерін және шекарадағы экспорттық рәсімдерді аяқтауды автоматтандырады. Жануарларды союға бақылауды жақсарту үшін "Ветеринариялық-санитариялық сараптама" цифрлық функционалы енгізілді, ол 2025 жылғы 24 наурызда күшіне енеді.
Жануарлардан алынатын өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыру серпіні байқалады. ЕАЭО, ТМД, ЕО, Қытай, Түркия және басқа елдерге экспорттау үшін ветеринариялық талаптар мен сертификаттар келісілді. ЕО-ға бал экспорттауға рұқсат алу маңызды жетістік болды. Қазақстандық өнімдер үшін шектеулерді алып тастау және өткізу нарықтарын кеңейту жұмыстары жалғасуда.
Баяндаманы тыңдап, министр белгіленген шараларды табысты іске асыру сектордың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге және қазақстандық өнімнің халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.