Бұл ретте өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ашық жүрекке жасалатын операциялар саны еліміз бойынша 7,1%-ға өсті.
Жыл басынан бері 6 148 ашық жүрекке операция жасалды, жүрекке интервенциялық араласулар саны 14%-ға артып, 55 000-нан астам араласуды құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 500-ге өсті.
Республикада алғаш рет Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың базасында ауыр созылмалы жүрек жеткіліксіздігі (СЖЖ) бар пациенттерді емдеу үшін бірегей жоғары технологиялық кардиохирургиялық операциялар енгізілді. Мұндай операцияларға қанайналымын ұзақ механикалық қолдау құрылғысын – жүректің жасанды сол жақ қарыншасын имплантаттау жатады. 10 жылдың ішінде кардиохирургия орталығына осындай 460 құрылғы имплантатталды, тек биылғы жылы 18 пациент кіріктірілген аппараттардың арқасында өмір сүру мүмкіндігіне ие болды.
Бұдан басқа, жүрекке девайстарды имплантаттау жөніндегі операциялар бүгінде өңірлік деңгейде еліміздің үш орталығында – "Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты" АҚ, "Шымкент жүрек орталығы" КеАҚ, "Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы"ЖШС-да сәтті игерілді.
Қазақстанда барлығы 13 кардиохирургиялық орталықта/бөлімшеде 602 қолқа қақпақшасын имплантаттау жүргізілді, оның ішінде 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 80 транскатетерлік TAVI қолқа қақпақшасын имплантаттау орындалды.
Қазақстан Орталық Азиядағы жүрек пен өкпені трансплантаттау жүргізілетін жалғыз ел болып табылады. Соңғы 10 жылда ҰҒКО базасында донорлық жүректі трансплантаттау бойынша 86 операция жасалды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың шілде айында алғаш рет "Шымкент жүрек орталығы" КеАҚ және "Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты" АҚ қабырғаларында екі пациентке жүректі трансплантаттау сәтті жүргізілді.
Қазақстандық дәрігерлер жүректің әртүрлі патологияларын сәтті емдейді, олардың ішінде ең көп таралған және қауіптісінің бірі - жүректің ишемиялық ауруы. ЖИА бүкіл әлемде 40 жастан кейін адам өлім-жітімінің басты себебі болып табылады.