Қазақстанда қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныс артып келеді

280

Кітап оқу деңгейі бойынша ең жоғары көрсеткіш Павлодар облысында тіркелген.  

Қазақстанда қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныс артып келеді Фото: tochka.by

Қазақстанда мемлекеттік тілдегі әдебиетке деген қызығушылық артып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кейінгі бір жылда көпшілік кітапханалары арқылы оқырмандарға 88,9 млн басылым берілсе, соның 53,4 миллионы немесе 60,1 пайызы қазақ тіліндегі әдебиеттер болды.

Кітапхана қорларының жаңару қарқыны да байқалады. Кейінгі бір жыл ішінде көпшілік кітапханаларына 906,5 мың жаңа басылым түсіп, оның 662,3 мыңы қазақ тіліндегі кітаптар үлесіне тиесілі.

Бүгінде еліміздегі көпшілік кітапханалардағы қазақ тіліндегі әдебиеттер қоры 30,3 млн данаға жетіп, жалпы қордың 41,7 пайызын құрап отыр.

Оқырмандар арасында көркем әдебиетке сұраныс дәстүрлі түрде жоғары деңгейде қалыптасқан. Көркем шығармалар, тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы еңбектер жалпы берілген кітаптардың 57,6 пайызына немесе 51,3 млн данаға тең. Бұл бағыттағы басылымдар жаңа түсімдер арасында да басымдыққа ие – кейінгі бір жылда кітапхана қорлары 577,7 мың осындай басылыммен толыққан.

Көпшілік кітапханаларының негізгі оқырмандары қатарында балалар мен жастар бар. Олардың ішінде 1,75 млн бала және 1,38 млн жас тіркелген. Ересек оқырмандар саны 2,4 млн адамды құрайды.

Өңірлер бойынша кітап оқу деңгейі ең жоғары Павлодар облысында тіркелген – 47 пайыз. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы – 45 пайыз және Батыс Қазақстан облысы – 42 пайыз.

Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер елімізде кітапханалардың мәдени-ағартушылық рөлі күшейіп келе жатқанын аңғартады. Қазақ тіліндегі әдебиетке сұраныстың артуы, көркем шығармалардың кеңінен оқылуы және жастар белсенділігі кітап оқу мәдениетінің дамуына серпін беріп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу