Қазақстанда құтқарушылардың зейнет жасы төмендетілмек

570

Сондай-ақ, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін жасау мәселесі де қарастырылған.

Қазақстанда құтқарушылардың зейнет жасы төмендетілмек Фото: inbusiness.kz

Еліміздің премьер-министрі Олжас Бектенов құтқарушылардың мәртебесі мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дәрежесі теңелуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Үкіметтің 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысына сәйкес төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымында 19 "Жедел-құтқару жасағы" мемлекеттік мекемесі қайта құрылды ("Жедел-құтқару жасағы" "Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі" мемлекеттік мекемесының құрамынан шығарылды). Қазір төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушыларды аттестациядан өткен қызметкерлер санатына ауыстыру мәселесін қарастырып жатыр. Осылайша құтқарушылардың зейнетке шығу жасы төмендеп, олардың құқығы мен мәртебесі құқық қорғау жүйесіндегі қызметкерлердің дәрежесімен теңеспек", – дейді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін жасау мәселесі де қарастырылған.

“Жалпы алғанда бұл бастама көптің қолдауына ие болды. Қазір тиісті түзетулер енгізіліп жатыр. Олар алдағы уақытта белгіленген тәртіппен бекітіледі”, – деді премьер-министр. 

Олжас Бектенов 2023 жылы әскери қызметкер мен Төтенше жағдайлар министрлігіндегі қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 40% көтерілгенін еске салды. Сондай-ақ құтқарушыларға денсаулығына зиян келтіретін және өміріне қауіп төндіретін жұмыстар үшін 70%-ға дейінгі мөлшерде қосымша ақы төленетінін атап өтті.

2022 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының, соның ішінде азаматтық қорғау органдары құтқарушыларының еңбекақысы лауазымдық жалақысы түзету коэффициентін қолдану арқылы кезең-кезеңімен көтеріледі (2022 жылы – 1,23 (23%), 2023 жылы – 1,45 (18%) , 2024 жылы – 1,71 (18%), 2025 жылы – 2 (17%)). Еңбекақының көтерілетінін ескерсек, 2025 жылға қарай құтқарушылардың жалақысы екі есе өседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу