Өскеменде дәрігерлер қызылшаға шалдыққан алты айлық баланы аман алып қала алмады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сәбидің өлімі фактісін Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы растады.
"Өкінішке қарай, алты айлық баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Дәрігерлер үш күн бойы оның өмірі үшін күресті, бірақ ол қайтыс болды. Оның пневмония және жалған круп түріндегі асқынуы пайда болды", - дейді штаттан тыс инфекционист Назигүл Сапарғалиева.
Ресми мәлімет бойынша, бала 3 желтоқсанда қайтыс болды.
Белгілі болғандай, оған екпе салынбаған. Дәрігерлердің айтуынша, 28 қарашада баланың ата-анасы көмек сұрап жеке емхана дәрігерлеріне жүгінген, содан кейін сәбиді үйде емдеген. Келесі күні олар жедел жәрдем шақырған, алайда ауруханаға жатқызудан бас тартқан.
"30 қарашада баланың қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлап Ана мен бала орталығына шұғыл түрде жатқызылды, дереу емдеу басталды. Біздің дәрігерлер үш күн бойы оның өмірі үшін күресті, бірақ, өкінішке қарай, 3 желтоқсанда нәресте қайтыс болды", - деді Ана мен бала орталығының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Бауыржан Нұрболсын.
Айта кетейік, бұл Шығыс Қазақстанда қызылшадан болған алғашқы қайғылы оқиға.
Оның айтуынша, бүгінде орталықтың жансақтау бөлімінде қызылшамен ауырған екі бала жатыр. Бірінің жағдайы тұрақталып, басқа бөлімге ауыстырылды.
Екіншісінің жағдайы тұрақты және ауыр деп бағалануда. Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлердің айтуынша, қызылшамен ауырғандар саны артып келеді. 162 жағдай тіркелді.
Ресми мәлімет бойынша, облыстағы барлық емханаларда қызылшаға қарсы вакцина жеткілікті мөлшерде – 21 567 доза бар.