Дегенмен елімізде исламдық қаржыландырудың жеткілікті түрде дамымай отыруына бірқатар себептері бар екен. Jusan Analytics сарапшылары нарықтың келешегі мен проблемалары туралы айтты.
Jusan Analytics сарапшыларының айтуынша, Қазақстанда 13 миллионнан астам адам ислам дінін ұстанады екен. Оның бір жарым миллионнан астамы бес уақыт намазын оқитын, тақуа мұсылмандар. Бұл исламдық қаржы өнімдерінің тікелей тұтынушылары деуге болады. Қазір елімізде "халал" банктік депозиттер нарығы бар болғаны 30 миллиард теңге болса, несие портфелі 51 миллиард теңгеден сәл ғана асады. Алайда бұл екі сома да бірнеше есе көп болуы керек еді.
"Қазіргі уақытта ислам банктері негізінен корпоративтік секторға көп көңіл бөледі. Яғни, олар негізінен корпоративтік секторға несие береді. Демек, депозиттер де корпоративтік сектордан түседі. Қазіргі уақытта Қазақстанның дәстүрлі банк секторын алып қарасаңыз, олар көбіне кепілсіз тұтынушылық несиелер, ипотекалық несиелер мен автокөлік несиелерін беруде", дейді Jusan Analytics талдаушысы Сұңғат Рысбек.
Исламдық қаржы институттары да осы секілді банк өнімдерін ұсына алады. Бірақ, Jusan Analytics талдаушыларының пікірінше, Қазақстанда исламдық банкингтің бір орында тұралап қалуының бірқатар себептері бар. Бұл депозиттерді сақтандыруда кепілдік тетігінің және Шариғат қағидаларына сәйкес келетін бағалы қағаздар секілді инвестициялық қаржы құралдарының жоқтығы, сондай-ақ инфрақұрылымның толық болмауы.
"Біз мұны айтарлықтай жылдам дамып келе жатқан, бірақ әлі де шағын қаржылық қызмет көрсету секторы ретінде көріп тұрмыз. Оның дамуы үшін, әрине, мемлекет тарапынан қолдау қажет. Ол өзге елдерде бар. Яғни, заңнамалық және салықтық реттеуден бастап, пруденциалдық ортаны қалыптастыру, инфрақұрылымды құру деген секілді қолдауларды айтуға болады", дейді Jusan Analytics басқарушы директоры Әнуар Қуандықов.
Айта кету керек, Қазақстанда исламдық қаржыландыруды дамыту 1995 жылы қолға алынды. Алайда ислам банктерін заң жүзінде реттеу тек 14 жылдан кейін 2009 жылы ғана қалыптастырылды. Бүгінде елімізде тек екі ислам қаржы институты жұмыс істейді. Олардың активтерінің үлесі бүкіл банк секторының 0,2%-ын ғана құрайды.