Елімізде өндірілген газдың 72 пайызы ішкі нарыққа жөнелтіледі

681

Елімізде өндірілген газдың 72 пайызы ішкі нарыққа жөнелтіледі

ҚР парламенті мәжілісі "Газ және газбен жабдықтау" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Заң жобасын таныстырған депутат Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, бүгінде сұйытылған газды, негізінен, еліміздің газдандырылмаған өңірлеріндегі тұрғындар мен кәсіпорындар тұтынады. Сондай-ақ, газ көліктер үшін пайдаланылады.

"Заңға сәйкес, сұйытылған газдың бекітілген шекті көтерме сауда бағасы бүгінгі күні қосымша құн салығын есепке алмағанда тоннасы 38 437 теңгені құрайды. Мұндай баға экспорттық ғана емес, шекаралас елдердің көтерме бағасынан да едәуір төмен. Бұл газды Қазақстан аумағынан басқа елдерге заңсыз экспорттауға ынталандыратыны сөзсіз. Қазақстанда сұйытылған газдың бөлшек саудадағы бағасы көтерме саудадағы бағадан едәуір жоғары, тіпті көрші елдердегі бөлшек сауда бағасынан аз ғана төмен. Соның салдарынан бүгінгі күні біздің зауыттар газды ішкі нарыққа өткізген кезде, өздеріне шығын келтіре отырып жұмыс істеп жатыр", — деді ол. 

Оның айтуынша, 2017 жылы қазақстандық сұйытылған газды өндірушілердің алынбаған кірістерінің мөлшері 38 млрд теңгеден асқан. Ал негізгі кіріс зауыттан тұтынушыға дейін жеткізетін делдалдардың қалтасына түсіп отыр.

"Мұндай жағдайда зауыттарға сұйытылған газды ішкі нарыққа беру, әсіресе оны өндіру көлемін арттыру мүлде тиімсіз болып отыр. Соңғы төрт жылда сұйытылған газға деген сұраныс екі есе артып отырғаны бұл жағдайды қиындатуда. Қазіргі кезде Қазақстанда өндірілетін газдың 72 пайызы ішкі нарыққа беріледі. Мұндай үрдісті сақтаған кезде 2019 жылдың өзінде сұйытылған газ тапшылығын күтуге болады. Ұсынылып отырған заң жобасының мақсаты – сұйытылған газды тұтынушылар санын арттыру, өндірушілердің қызығушылығын туғызу арқылы сұйытылған мұнай-газ тапшылығын болдырмау. Ол үшін цифрландыру және бизнес үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту бойынша жүргізіліп жатқан саясат аясында шығынмен жұмыс істеп отырған зауыттарға сұйытылған мұнай-газды ішкі нарыққа электронды сауда алаңдары арқылы беруді енгізгеннен кейін олардың кірістілігін қамтамасыз ету көзделуде", - деді мәжілісмен.

Заңға енгізілген отырған түзетулер 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейін кезең-кезеңмен жүзеге аспақ.  

"Электронды сауда алаңдары арқылы сатылатын бүкіл газға энергетика министрлігі бекіткен шекті көтерме сауда бағасы қолданылмайды. Бірінші кезеңде жоспар аясында сұйытылған газдың 10-20 пайызын электрондық сауда арқылы өткізу, көрсетілген үлесті кейін кезең-кезеңмен 2021 жылға дейін арттыру ұсынылып отыр", — деді Ізмұхамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу