Елімізде "Қазақстанда жасалған" брендін басқару агенттігі құрылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясының президенті Римма Тәжібаева мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Жаңа агенттіктің аясында "ЭКСПО-2017" көрмесіне арнап, "Халық маркасы" 100 ұлттық брендті құру жобасы жүзеге асырылады. Аталмыш жобаға танымал әртістер, спортшылар мен депутаттар да қатыспақ. Жаңа 100 ұлттық бренд тамақ өнеркәсібі, жиһаз, үй қажеттіліктері, киім-кешек және аяқ киім салаларында пайда болады деп күтілуде. Олардың барлығы Астанадағы "ЭКСПО" халықаралық көрмесінде ұсынылады.
"Агенттікті құру менің өзімнің бастамам. Ешқандай мемлекеттік орган оған қаржы салып отырған жоқ. Мен бұның алдында "ЭКСПО" алаңында жұмыс жасадым және мұндай шаралардың ел үшін қандай пайда әкелетінін білемін. Мен ЭКСПО-дан кетіп, өзімнің жобамды аштым.Екі жыл бұрын қолға алынған бұл жоба қазір сәтті жүзеге асырылуда. Алғаш қадамымды бастағанда менде тек идея ғана бар болатын. Жеке қаражаттарым болған жоқ. Қазір екі жылдың ішінде қазақстандық брендтерді ұйымдастыру арқылы оларды дамытып қана қоймай, қаржылық тұрғыда да жетістіктерге жеттім", – дейді федерация президенті.
Оның айтуынша, отандық тауарларды алға жылжыту өте пайдалы. Мысалы, Астанада ашылған отандық тауарлар дүкені – "Халық маркасы" кіріс әкеле бастаған. Қазіргі уақытта дүкен сөрелерінде 10 мыңнан астам отандық тауар сатылуда. Сонымен қатар алдағы уақыттарда тағы 500 ұлттық бренд қосылады деп күтіліп отыр. Сол кезде дүкендегі тауарлардың саны, оның сөзіне қарағанда, 100 мың бірлікке жетеді. Оның үстіне отандық өнімдердің сапасы батыс туарларынан еш кем емес, ал бағасы арзан. "Тұтынушылар отандық тауарларға қатты зәру. Сондықтан отандық кәсіпкерлерді қазақстандық өнімді таратуға белсенді атсалысуға шақырамын", - дейді ол.
Р. Тәжібаеваның айтуына қарағанда, олардың жоспарында "Халық маркасы" атты отандық тауарлар дүкенінің қосымша 7 желісін ашу көзделген. "Мұндай желілер саны арта бермек. Қазіргі уақытта осындай дүкендерді ашуға Қарағанды, Атырау, ОҚО тапсырыс жасап отыр. Сонымен қатар барлық супермаркеттерді отандық тауарлармен толтыру жұмыстарын ары қарай жалғастыра бермекпіз", – дейді Римма Тәжібаева.