2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда полиция мен сақтандыру компаниясын шақырмай-ақ "Европротокол" қосымшасы арқылы жол-көлік оқиғасын онлайн тіркеуге болады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.
Бірнеше күннің статистика қорытындысы бойынша, барлығы 1099 өтініш келіп түсті.
Соның ішінде, 6 өтініш "Тіркелген" деп аталатын соңғы мәртебесін алды. Бұл екі қатысушының да қол қойғанын білдіреді, сондай-ақ, мәлімдеме Бірыңғай сақтандыру деректер базасына жіберілді.
Келіп түскен өтініштердің 60%-ға жуығын пайдаланушылардың өздері әртүрлі себептермен қабылдамады. Өйткені, адамдар бұл қызметпен енді ғана танысып жатыр.
Жалпы, деректерді жинау кезінде 385 өтініш толтыру процесінде болды, оның 33 – і бірінші қатысушының, тағы 12-сі екінші қатысушының қолын күтті.
Егер залал сомасы 100 АЕК-тен аспаса және оқиға салдарынан үшінші тұлғалардың денсаулығы мен қалалық инфрақұрылым зардап шекпесе, жол-көлік оқиғаларын онлайн тіркеуге болады.
Еске сала кетсек, осыған дейін елімізде мобильді қосымша арқылы жол-көлік оқиғаларын онлайн-тіркеу жоспарланып жатқанын жазған едік.