Қазақстанда Zoom-ның қолданысын шектейді

412

Өзіміздің өнім Зум-ның орнын баса ала ма?

Қазақстанда Zoom-ның қолданысын шектейді Фото: Ашық дереккөз

Пандемия кезінде кеңінен танылып, көпшіліктің жұмысын жеңілдеткен Zoom-ның қолданысы елімізде шектеледі. Шетелдік онлайн-сервистерде ақпараттық қауіпсіздік мәселесі реттелмеген, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Деректердің қолды болуы да мүмкін деген министрлік былтыр пилоттық негізде жұмыс істеген отандық "Qosyl" платформасының қолданыс аясын кеңейтуді көздеп отыр. Өзіміздің өнім Зум-ның орнын баса ала ма? Қазақстандық платформа қаншалықты қауіпсіз? Оның Зум-нан айырмашылығы мен артықшылығы қандай? 

Бүгінде түрлі сұқбаттар, талқылаулар, онлайн форматтағы баспасөз конференцияларына көз үйреніп қалды. Мемлекеттік органдар да жиын мен жиналысты онлайн өткізіп жүр. Ол үшін шетелдік платформаларды пайдаланып келді. Сол себепті де мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік жайы жиі сөз болатын. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселені енді біржолата шешеміз деп отыр.

"Министрлік "Ұлттық Ақпараттық Технологиялар" АҚ-мен бірлесіп отандық бағдарламалық жүйені әзірлеу туралы шешім қабылдады. Qosyl жобасы сәтті жобалардың біріне айналды. Ең алдымен жаңа жүйе кеңестерді қауіпсіз ақпараттық ортада өткізуді қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе мемлекеттік органдар үшін маңызды", - дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Отандық онлайн платформаны жасап шығуға 3 жыл уақыт кетті. Qosyl әлемдік Zoom брендінің баламасы. Бірақ өзінің ІТ коды бар. Ұзақ уақыт бойы жоба пысықталып, оған түрлі түзетулер енгізілді. Ақыры өткен жылдың қараша айында пилоттық негізде іске қосылды. Енді барлық мемлекеттік органдар жиналыстарды Qosyl бағдарламасының көмегімен өткізуге міндеттеледі.

"Жүйе қазір мемлекеттік органдарда белсенді түрде қолданылуда. Қосыл ақпарттық қауіпсіздік бойынша сынақтан сәтті өтті. Бұл мемлекеттік құрылым үшін ерекше маңызға ие. Басқа өнімдермен салыстырсақ пайдалану жеңіл. Сервистің тағы бір ерекшелігі байланыс уақытында шектеу жоқ. Қосымша бағдарламаларды жүктеудің де қажеті жоқ. Телефон арқылы да қосыла аласыз", - дейді Жоба жетекшісі Нұрислан Исақов. 

Шетелдік платформалармен салыстырғанда отандық өнімнің басты ерекшелігі "Ақпараттық қауіпсіздіктің деңгейі жоғары", дейді әзірлеушілер. Бұған қатысты сарапшылардың айтары қандай?

"Негізінде зумның өзі де құпиялық саясатын ұстанады. Бірақ мемлекет өзіміздің платформамыз болу керек, өзіміздің жеке бейнеканалдарымыз болу керек десе ол нәрседен қауіптенетін нәрсе жоқ деп ойлаймын. Софттың өзінде ешқандай проблема болмайды деп ойлаймын", - дейді ІТ саласының сарапшысы Садық Шерімбек.

Отандық сервистердің сапасы шетелдіктерден кем емес дейді сарапшы. Қауіпсіздік мәселесіне де аса күмән келітіріп отырған жоқ. Десе де еркін нарыққа мүмкіндік беріп, басқа платформалардың қолданыс аясын шектемеу керек деген пікірде. "Зум-ды және тағы басқа платформаларды біржолата елден шығарамыз деу де қателік", - деп толықтырды сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу