Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов құзырлы ведомстволарға гид мамандарын дайындайтын бағдарлама әзірлеуге атсалысуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Келесі бастама – цифрландыру арқылы гидтердің қызметін реттеу. Қолданыстағы реестр туристерге өзіне қажетті гид табу, оған хабарласу және оның кәсіби біліктілігін тексеру мүмкіндігін шектейді. Сондықтан Министрлік тапсырысы бойынша гидтерге арналған бірыңғай цифрлық платформа жасалған.
E-Гайдс цифрлық жүйесі аталған мәселелерді шешіп қана қоймай, мамандардың білімін тексеруге, біліктілігін арттыруға және қосымша білім беруге мүмкіндік береді. Тексерістен өткен гидтер бірыңғай стандарттағы бейдж үлгісін алады. Осы бейдж арқылы біз ресми әрі білікті маманды бейресми қызметкерден ажырата аламыз", - деді Ербол Мырзабосынов.
Министрдің мәліметінше, қазір жүйеде 380 гид тіркелген. Оның 94-іне бейдж табысталды.
"Осы тәжірибені кең тарату үшін жергілікті басқару органдары, Ғылым және жоғарғы білім, Оқу-ағарту министрліктері тарапынан гид мамандарын дайындайтын бағдарлама әзірлеуге атсалысуды сұраймыз", - деді Туризм және спорт министрі.
Айта кету керек, осыған дейін Туризм және спорт министрлігі TravelStan бірыңғай мобильдік қосымшасын жасау туралы бастама көтергенін жазған болатынбыз. Үкімет Алматыдағы тау кластерін дамытуға ден қойып отыр.