Қазақстандықтар саябақта қыдырғанды жақсы көреді. Алайда көпшілігінің ауа тазалығына көңілі тола бермейді. Мұндай пікірлерді OLX сервисі жүргізген "Идеал қала" зерттеуіне қатысқан респонденттер қалдырған, деп хабарлайды 7kun.kz.
"Идеал қала" жобасы аясында қазақстандықтар 1-ден 7-ге дейінгі меже бойынша өздері тұрып жатқан қаланың өмір сүру сапасына баға берді. Зерттеуде көшенің реттілігі, ауа тазалығы және коммуналдық қызметтердің жұмысы сынды критерийлер негізге алынды.
Сауалнамаға сәйкес, Қазақстандағы ең ірі 20 қаланың ішінде таза қала Қостанай болды. Қала рейтинг бойынша жалпы 13,8 балл жинады. Тұрғындар қаланың ауа тазалығын 5,1 балға бағаласа, коммуналды қызмет жұмысына 3,7 балл берген. Екінші орында – 13,7 балмен Орал қаласы. Ал үшінші орынды 13,6 балмен Талдықорған қаласы иеленді.
Қазақстандағы таза қалалар ондығына Шымкент (13,5 балл), Петропавл (13,3 балл) Астана мен Көкшетау (13,1 балл) Тараз (12,6), Ақтау (11,9), Павлодар (11,7) және Рудный (11,6) енді.
Тазалық рейтингінде ең төменгі бағаны Семей мен Теміртау алды. Семей 21 балдың 9,5-ін жинаса, Теміртау 7,5 балл жинады. Сондай-ақ, Өскемен мен Қарағанды тұрғындары қалалардағы көше тазалығын 9,6 балға бағалаған.
Ал Қазақстанның оңтүстік астанасы "экологиялық таза қала" ондығына ене алмады. Алматы тұрғындары қала тазалығын 10,6 балмен бағалады.