Қазақстандағы осы типтегі соңғы әскери-тасымал ұшағы – Ан-26 Ұлттық ұланның авиациясындағы қызметін аяқтап, соңғы рейсін орындады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
1981 жылы Киев авиациялық зауытында шығарылған әуе кемесі алғашқы он жылда КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Шекара әскерлері авиациясы құрамында қызмет етті. Ұшақ Қазақ КСР аумағында орналасып, оңтүстік шекараны күзетуге қатысты тапсырмаларды орындауға, әскери қызметшілер мен жүктерді тасымалдауға пайдаланылды.
1992 жылдан бастап Ан-26 Ұлттық ұланның авиациясы құрамында қызметін жалғастырды. Осы кезеңде ол әскери қызметшілер мен жүктерді тасымалдау және басқа да қызметтік міндеттерді орындауға тартылды.
Ұзақ жылдар бойы пайдаланылған әуе кемесі заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, ИКАО стандарттарына сәйкестендірілді. Бұл оның Қазақстан аумағынан бөлек, жақын шетелдерге де ұшуына мүмкіндік берді.
Ұлттық ұлан авиациясындағы қызметі барысында Ан-26 8400 сағат ұшқан. Ал әуе кемесінің жалпы қызмет мерзімі 44 жылды құрады.
Ұшақтың соңғы рейсі оны ұзақ жылдар бойы басқарған экипаж үшін ерекше мәнге ие болды. 3656 әскери бөлімінің ұшқышы, подполковник Медет Сейтов Ан-26 ұшағын 15 жыл бойы тізгіндеген. Ол экипаж құрамындағы осы типтегі әуе кемесінің соңғы ұшқыш-нұсқаушысы болды.
Ан-26-ның пайдаланудан шығарылуымен Қазақстан әскери авиациясындағы осы типтегі ұшақтардың қызмет тарихы аяқталды. Енді 44 жыл қызмет етіп, 8400 сағат ұшқан әуе кемесі әскери міндеттерді орындамайды.